02 қар, 2017 сағат 10:38

Қырғызстан жағдайды түземесе бақылауды күшейтеміз – Ғосман Әмрин

Қырғыз тарапы кедендегі кемшіліктерді ретке келтіру ұсынысына әлі ресми түрде жауап берген жоқ. Алайда осылай жалғаса берсе, кедендегі бақылау жұмысын күшейте береміз. Бұл туралы «Жаңа Еуразия: Еуро-азиялық трансқұрлықтық маршруттарда көлік-логистикалық жүйелерді дамыту» тақырыбында өтіп жатқан халықаралық конференцияның кулуарында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғосман Әмрин айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өткен жылдары бұл мәселе қырғыз тарапымен бірнеше рет талқыланған. Еуразиялық экономикалық комиссияға ерекше тапсырма беріліп, олардың баяндауы бойынша қырғыз тарапының кеден саласына қатысты кемшіліктері дәлелденген. Ол анық. Ендігі кезекте аталған мәселені шешудің қандай жолы бар? Ол – Қырғыз Республикасының кеден қызметімен бірлесіп жұмыс атқару», - деді комитет төрағасының орынбасары журналистерге.

Сонымен қатар Ғосман Әмрин шекарадағы мәселені шешу үшін Қазақстан тарапынан Қырғыз Республикасына бірнеше ұсыныс жолданғанын атап өтті.

«Өткен жылы Үкіметтің тапсырмасымен Қырғызстанға бардық. Оларға нақты қандай мәселе барын айттық. Екіншіден, осы жылы қайтадан бұл мәселені көтеріп отырмыз. Жағдай өзгерген жоқ. Бәрін де кедендік ережелер мен талаптарды жіпке тізгендей айтып бердік. Алайда одан оң нәтиже болған жоқ. Жалпы Қырғызстан тарапы «иә, қарайық, жұмысты күшейтейік, контрабандаға жол бермейік» деп айтқан. Ендігі кезекте атқарылатын жұмыс бойынша келісіп, бәрін бірге реттейік деп отырмыз. Яғни олардан жауап күтудеміз», - деді ол.

Осы орайда Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары қос ел арасындағы мәселені қалай шешуге болатын жеткізді.

«Біріншіден, екі жаққа да тауардың құны бірдей болуы керек. Салықтарымыз бірдей болуы тиіс. Кеденде олар тауарды 1 доллармен, біз 10 доллармен алсақ, олай болмайды. Екіншіден, барлық тарапқа бірдей қарап отырғанымызды білдірдік. Бүгінге дейін ұсынысымыз біреу, ол кеденде бірлесе жұмыс атқару. Үшіншіден, бір-бірімізге «қандай тауарлар, қандай бағамен келді» деген ақпаратты алмасып отырайық деген ұсынысты жолдадық. Тағы да қайталап айтамын: бауырлас ел болғандықтан, бұл мәселені бірлесе шешуге тырысуымыз керек. Егер олар келіспейтін болса, біз тек қана бақылау жұмысын күшейте береміз», - дейді Ғосман Әмрин.