Қырғызстан президентінің міндетін атқарушы Талант Мамытов коронавируспен күрес кезінде көмек көрсеткені үшін Қазақстан басшысына алғыс айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Мамытов елдегі жағдай жайында баяндады. Сондай-ақ, Қырғызстанға қолдау жасаған мемлекеттерге ризашылығын жеткізді.
"Осы сәтті пайдаланып, Ресей Федерациясының президенті Владимир Владимирович Путинге, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және басқа да әріптестерімізге Қырғыз Республикасына коронавирус инфекциясының салдарымен күресу жолында қолдау жасағаны үшін шын жүректен алғыс айтамын. Ауыр сынақты тек бірлесіп еңсеруге болады", - деді Мамытов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қырғызстандағы саяси-қоғамдық жағдай тұрақталған.
"Қырғыз Республикасы барлық халықаралық міндетін сақтап, бұған дейін қол қойған екіжақты және көпжақты келісімдерді орындайды. Мемлекеттік билік органдары штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. 2021 жылы 10 қаңтарда Қырғызстан президентінің сайлауы өтеді. Билік органдары әділ әрі ашық сайлау өткізуге күш салады", - деп атап өтті Мамытов.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан жасанды тыныс алдыру мобильді аппараттарының 400 жинағы мен 2 миллион медициналық маска жөнелтілген болатын. Гуманитарлық жүктің жалпы құны 390 миллион теңгеге жуықтайды.