29 сәу, 2020 сағат 18:10

Қырғызстан Қытаймен несиені қайта құрылымдау бойынша келіссөз жүргізеді

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, Бішкектің қытай банкінен алған қарызын қайта құрылымдау мәселесін талқылады. Бұл туралы сәрсенбілік брифинг кезінде вице-премьер Эркин Асрандиев хабарлады. Телефон әңгіме өткен аптада болған. 

Қытай "Эксимбанк" арқылы Қырғызстанға несие берген және соңғы дерек бойынша, оның көлемі 1 млрд 793 млн долларды (сыртқы қарыздың 46 пайызы) құрайды. Қырғызстанның мемлекеттік қарызының көлемі - 3 млрд 860 млн доллар.

Асрандиевтің сөзіне қарағанда, "Эксимбанк" Қырғызстанның қарызын қайта құрылымдауға келіскен, алайда вице-премьер оның жай-жапсары мен шарттары туралы айтпады. 

"Білуімше, мәлімдемемізді [Қытай тарабы] қабылдаған. Қазірдің өзінде "Эксимбанк" мамандарымызға хабарласып, жұмыс басталып кетті" деді ол. 

Соңғы жылдары Қытай Қырғызстанның ірі энергетика және инфрақұрылым жобаларын қаржыландырған. Қытайдан алынған несие көлемі артқан шақта 2018 жылы наурыз айында үкімет бір қарыз берушіден алған несие көлемі сыртқы қарыздың 50 пайызынан аспауы тиіс деген ереже бекіткен.