08 қар, 2017 сағат 12:46

Қырғызстан: Қазақстанмен шекарада көлік кезегі азайды

Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекеті. 6 қараша 2017 жыл.

8 қараша күні түске дейін Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы "Ақ-Тілек" тексеру және өткізу бекетінде 40 шақты жүк көлігі тұрған. Қырғызстанның мемлекеттік шекара қызметінің Азаттықттың Қырғыз редакциясына хабарлауынша, соңғы бірнеше күнде бекеттегі кезек бірнеше есе азайған.

Ведомство мәліметінше, 5 қараша - жексенбіде қазақстандық шекарашылар "Ақ-Тілектен" 195 жүк көлігін өткізген. Қазақстан шекарада тексеруді күшейткен 10 қазаннан бері мұншалықты көп жүк көлігін өткізбеген.

"Қазақстан тарапының қадағалауы өзгерген жоқ. Кезек шекарашылар қырғыз премьер-миинстрі Сапар Исаков Астанада Қазақстан премьер-министрімен кездесуінде келіскендей бос жүк көліктерін тексерусіз өткізіп жатқандықтан азайып отыр. Орташа есеппен алғанда, шекарада тұрған 50 жүк көлігінің 20-сы бос. Оларды тексерусіз өткізіп жатыр" деп хабарлады шекара қызметі.

Ведомство "Ақ-Тілектегі" кезектің азаюының тағы бір ықтимал себебі өндірушілер мен кәсіпкерлердің тауарын өткізудің басқа жолдарын іздестіруінде болуы мүмкін екенін айтады.

Осы апта басталғалы бері "Ақ-Тілектегі" кезек бірнеше есеге азайған. 6 қараша күні күндіз бекетте барлығы 30 жүк көлігі болған.

Сонымен қатар "Ақ-Жол" бекетінде де кезек байқалмайды. Мұнда негізінен жолаушылар көліктері, автобустар, таксилер мен жеке адамдар өтеді. Бірақ жағдай түстен кейін өзгеруі мүмкін. Себебі кейір күндері "Ақ-Жолда" сағат 11 мен 17 арасында 200-ге дейін адам кезекте тұрады.

Талас облысындағы "Чон-Капка" бекетінде 90-ға жуық жүк көлігі мен жеңіл көлік тұр. Шу облысындағы "Чалдыбар" бекетінде кезек жоқ.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын.

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтады.