10 қазан күні Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет пен ішкі істер министрлігі елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады. Бұл туралы қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Атамбаевпен бірге оның оққағарлары Қанат Сағынбаев пен Дамир Мұсакеев те ұсталды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, олар "Бішкектегі жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру фактісі жөніндегі қылмыстық іс аясында" ұсталған. Қылмыстық өзге қатысушыларына іздеу салынды делінген комитеттің баспасөз мәлімдемесінде.
Атамбаев, Сағынбаев және Мұсакеев үшеуі 6 қазанға қараған түні парламент сайлауынан кейінгі толқу кезінде босатылған. Оларды наразылық білдіруге шыққан азаматтар күшпен шығарып алған. Сол күні Алмазбек Атамбаевпен бірге оның тоғыз жақтасы да осылай босап шықты. Бұрынғы президенттің адвокаты Замир Жоошев осы жөнінде мәлімдеме жасап, Қой-Таш оқиғасы бойынша сотталған Алмазбек Атамбаев пен өзге де азаматтар соттың 6 қазанындағы шешімі бойынша 2020 жылдың 11 қарашасына дейін үйқамаққа ауыстырылды деді.
9 қазан күні азаматтық белсенділердің Бішкектің орталық алаңындағы митингі кезінде тәртіпсіздік болды. Акция қатысушылары Жогорку Кеңештің жедел жиналып, легитимді премьер-министрді сайлауды талап етті. Митинг кезінде елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев пен бұрынғы премьер-министрі Омурбек Бабанов сөз сөйледі.
Кейінірек митинг өтіп жатқан "Ала-Тоо" алаңына белгісіз біреулер келіп, тәртіпсіздік басталды. Келгендер Ескі алаңда митинг өткізіп жатқан Садыр Жапаровтың жақтастары деген ақпарат тарады. Алайда саясаткердің адвокаты Шарабидин Токтосунов орталық алаңдағы тәртіпсіздікке Жапаров жақтастарының қатысы жоқ деп, мұның арандату екенін айтты.
Қаланың ішкі істер департаменті "Жаппай тәртіпсіздік" бойынша (Қырғызстан қылмыстық кодексінің 264-бабы) қылмыстық іс қозғап, белгісіз автокөлікке оқ атқан адамға іздеу салды. Осы арада әлеуметтік желіде Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың, бұрынғы премьер-министрлері Сапар Исаков пен Омурбек Бабановтың көліктеріне оқ атылғаны туралы хабар тарады.