13 қар, 2020 сағат 16:25

Қырғызстан басшысы Тоқаевқа алғыс білдірді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан басшысының міндетін атқарушы Садыр Жапаровпен телефон арқылы сөйлесті.

Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін және мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың келесі қадамдарын талқылады.

"Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус пандемиясына қарсы күресте Қырғыз Республикасына гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді", - деп хабарлады Қырғызстан президентінің сайты.

Жапаров Қырғызстан саяси ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды, Қазақстанмен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуді көздеп отыр деп атап өтті.

Ол сондай-ақ Қырғызстан мен Қазақстан жақын көршілер, адал достар, стратегиялық серіктестер және одақтастар екенін баса айтты.