Бішкектің «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өтіп жатқан Жогорку Кенештің кезектен тыс отырысында Қанат Исаев Жогорку Кенеш төрағасы болып сайланды. Бұл туралы Кabar.kg ақпарат агенттігі хабарлады.
Төрағаны сайлауға дауыс беру жасырын өтіп, отырысқа қатысқан 80 депутаттың 78-і Қанат Исаевтың кандидатурасына қолдау көрсетті. Тек 2 депутат Қанат Исаевтың Жогорку Кенеш төрасы болуына қарсылық танытты. Жаңа сайланған төраға бұл лауазымға жалғыз үміткер болған еді.
Айта кетерлігі, бүгін Жогорку Кенештің кезектен тыс отырысы барысында депутаттар Қырғызстан Президентінің Бішкек аумағында төтенше жағдай енгізу туралы жарлығына қолдау білдірген болатын.
Жарлыққа сәйкес, 12 қазан күні сағат 20.00-ден 19 қазан күнгі сағат 07.00-ге дейін төтенше жағдай енгізіледі. Қалада кешкі сағат 22.00-ден таңғы сағат 05.00-ге дейін комендаттық сағат болады.