15 қаз, 2017 сағат 19:26

Қырғыз сайлауында Жээнбеков алда келеді

Қырғызстандағы президент сайлауында дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі 20.00-де аяқталды. Соңғы ақпараттар бойынша сайлауға қатысқан 1 миллион 557 мың 225 адамның дауысы есептелген. 

Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 811 мыңнан астам дауыс (53%) жинаған бұрынғы премьер-министр, социал-демократ Сооронбай Жээнбеков алда келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "РИА Новости"-ға сілтеме жасап.

Екінші орындағы тағы бір бұрынғы премьер, кәсіпкер, оңшыл-центрист Өмірбек Бабанов 504 мыңнан (35.62%) аса дауыс жинаған.

98 мыңнан (6.54%) астам дауыс жинаған оппозициялық саясаткер Адахан Мадумаров үшінші келе жатыр. Ал, саясаткер Темір Сариевтің еншісінде 37 мыңдай дауыс бар (2.5%).

Естеріңізге сала кетейік, Мадумаровтан басқа үш кандидат кезінде премьер-министр қызметін атқарған. Сайлаушылардың 0,67 пайызы барлық кандидаттарға қарсы дауыс берген. Ал, президент сайлауына жалпы саны 11 кандидат қатыстырылды.

Нақты ақпаратты ОСК 20 күннің ішінде толық жариялауы тиіс. ОСК басшысы Нұржан Шайлдабекова бұл көрсеткіштің өзгеруі мүмкін екенін айтты. Ол президент сайлауының екінші туры болатын-болмайтынын нақты айта алған жоқ. 

Қырғызстанның заңы бойынша президент сайлауының алғашқы турында сайлаушылардың жартысынан астамының дауысын алған кандидат бірден жеңімпаз деп жарияланады.