14 қаз, 2020 сағат 11:53

Қырғыз парламентіндегі көпшілік коалициясы премьерлікке Жапаров кандидатурасын ұсынды

Қырғызстан парламентіндегі көпшілік коалициясы осыған дейін премьерлікке ұсынылған Садыр Жапаров кандидатурасын ресми түрде мақұлдады. Коалиция төрағасы Иса Омуркулов шешім парламент комитетіне жіберіледі деді.

Жогорку кеңеш спикері Канат Исаевтың айтуынша, регламент бойынша премьер-министрді парламентте көпшілік болып отырған коалиция ұсынуы тиіс. Алайда 10 қазанда өткен депутаттардың кезектен тыс отырысында бұл процедура сақталмаған. Сондықтан сәрсенбі күні коалиция оның кандидатурасын ұсынып, ресми түрде мақұлдаған.

Өткен сенбі күні Жогорку кеңеш депутаттарының бір бөлігі "Ала-Арча" резиденциясына жиналып, Садыр Жапаров бастаған үкімет құрамын бекіткен еді. Алайда президент Сооронбай Жээнбеков үкімет құрамын анықтау туралы қаулыны парламентке қайтарған. Оның айтуынша, 10 қазанда өткен Жогорку кеңеш жиынында кворум болмаған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, 14 қазанда Садыр Жапаров мемлекеттік қызметке жаңа адамдарды тарта бастаған. Сәрсенбі күні оның бұйрығымен үкімет аппараты жетекшісінің міндетін атқарушы, ішкі істер министрі міндетін атқарушы тағайындалған.

Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін елде саяси дағдарыс туындаған. Сайлау нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акциясының соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент аппараты орналасқан "Ақ үйді" басып алған. Елде саяси күштер арасында билікке талас қызған.