Қырғыз-қазақ шекарасындағы "Ақтілек - автожол" бақылау-өткізу бекетінде шамамен 180 жүк автокөлігі кезекте тұр, деп хабарлайды Азаттық.
22 ақпанда таңғы сағат 9:30-дағы мәліметті Қырғызстан шекара қызметі жариялады. Шекара қызмет ақпаратына қарағанда, кезекте тұрған 60 жүк көлігі тауарды өткізуге қажетті құжаттарды күтіп тұр.
Шекара қызметінің айтуынша, "бекетке көліктердің жиылуы жүктердің көбеюімен байланысты". Қырғыз-қазақ шекарасындағы басқа да бекеттерде кезек байқалмайды.
Ведомство жүк көліктеріне Қырғызстаннан Қазақстанға басқа да шекара бекеттері арқылы өтуге болатынын ескертті.
Өткен аптада Қырғызстан қазақ шекарасында жүктерді тексеруге қатысты қиындықтар туындағанын мәлімдеген. Жүк тасушылар Қазақстандағы кеденшілер бекеттерде "негізсіз тексереді" деп шағымданған. Ал Жогорку кеңеш депутаттары көрші елдің мемлекеттік органдарының әрекеті қаншалықты заңды деген сауал қойды.
Одан соң екі елдің Үкімет өкілдері кездесіп, шекарадағы жағдайды бақылап отыруға келісті.