Құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Басқа елдердің валюталарымен қатар біздің теңгеміздің де құны кеміп кеткені рас. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін нақты шаралар қабылдады. Мен квазимемлекеттік секторға экспорттан түсетін табыстың бір бөлігін ішкі нарықта сатуды тапсырдым. Сондай-ақ олар шетел валютасындағы депозиттерін еліміздің қаржы жүйесіне қайтаруда. Бұл қаражат нақты жобаларға жұмсалады. Осы және басқа да шаралар доллар тапшылығын болдырмау үшін жасалып отыр», - деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев атап өткендей, нарықтық экономика жағдайында мұндай мәселені реттеу оңайға соқпайды.
«Оның үстіне, еліміздегі шетел валютасының басым бөлігі шикізатты сатудан түсетіні жасырын емес. Ерте ме, кеш пе, теңге бағамы тұрақтанады. Бірақ бұған сыртқы факторлар әсер етпей қоймайды. Теңгенің долларға қатысты бағамы валюта нарығындағы сұраныс пен ұсынымның азды-көптігіне қарай түзелетіні белгілі. Сондықтан құзырлы органдар валюта нарығына қатысты заңсыз әрекеттердің жолын кесетін болады. Алдағы уақытта Ұлттық банк теңгенің еркін бағамы қағидатын ұстанып, Үкіметпен бірлескен жұмысын жалғастыра береді», - деді Қазақстан Президенті.