30 қаң, 2025 сағат 12:51

"Құжаттар шаң басқан сөрелерде жатпай, мемлекет пен қоғамның игілігіне айналуы керек" - депутат


Фото:egemen.kz

Депутат Ерболат Сатыбалдин архив ісіне қатысты бірқатар мәселені көтеріп, дабыл қағып отыр. Ол архив мамандарының мәртебесі, архивті цифрландыру сияқты бірқатар өзекті проблемалар көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.

"Архив ісі – ұлттың жанының алтын сандығы, елдің тарихи жады. Құжаттар шаң басқан сөрелерде жатпай, мемлекет пен қоғамның игілігіне айналуы керек. Архив тек ескінің куәсі емес, ұрпақтың мұрасына жауапты, халықтың күнделікті өмірін жеңілдететін маңызды құрылым. Үкіметі 2019 жылы  “Архив – 2025” бес жылдық жобасын бекітті. Биыл аяқталатын жоба  ұлттық архивтік мұраларды сақтау, цифрландыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту және халықаралық ынтымақтастықты бағытында елеулі жетістіктерге жетті. Яғни, ұлттық құндылықтарға ие құжаттарды, оқиғаларды тізбектеу мен жинақтауға барынша көңіл бөлінді.  Ендігі кезек архив ғимараттары мен материалдық жай - күйін және архив қызметкерлерінің жағдайын оңалтуға келді деп ойлаймын", -деген депутат төрт өзекті мәселені айтып өтті.

  
Біріншіден, архив ісінің мәртебесі әлі де төмен екенін айтқан Сатыбалдин архивтер әртүрлі ведомстволарға бөлініп, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істей алмай отыр дейді. Оның сөзінше бір облыста мәдениет басқармасына, екіншісінде цифрландыру басқармасына, үшіншісінде ақпараттандыру басқармасына бағынышты.  Мұның салдары – салаға деген немқұрайлық пен мардымсыз қаржыландыру. Қызметкерлер жалақысының аздығынан мамандар тапшы, қызмет сапасы төмен.

Депутат көтерген екінші мәселе, меншік құқығы әртүрлі мекемелердегі ведомстволық архив жүйесі «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясымен толық интеграцияланбағаны.

"Азаматтар  жалақысы туралы мәліметтер, еңбек өтілі секілді қарапайым құжаттарды алу үшін апталап жүруге мәжбүр. Құжаттардың дер кезінде архивке өткізілмегендігінен еңбек өтілі сияқты жеке деректерге дәлел таба алмау  – халық үшін қиындықтың бірі. Мемлекет азаматтарға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге міндетті, ал бұл жағдай сол қағидаттарға қайшы", -дейді ол.


Ерболат Сатыбалдиннің ойынша цифрландыру мәселесі де сын көтермейді. Архив құжаттарының көп бөлігі қағаз форматында сақталады, ал олардың қауіпсіздігі мен қолжетімділігі күн өткен сайын нашарлап жатыр.

"Ұлытау облысындағы мемлекеттік архивтің жағдайын өз көзіңізбен көрсеңіз, мәселенің күрделілігін түсінер едіңіз. Жабдықтар жоқ, жаңа ғимаратқа орын тапшылығы бар. Құжаттар тиісті деңгейде цифрланбаса, ертеңгі күні бұл құжаттар ұрпаққа жетпей қалуы мүмкін", -деп алаңдап отыр мәжілісмен.


Төртінші мәселе, архив мамандарының мәртебесі төмен, жалақысы аз, жұмысы ауыр екенін айтқан депутат мамандар жетіспеушілігі саланың дамуына кері әсер етіп отырғанын айтады.

"Архив қызметкерлерінің еңбегі тиісті деңгейде бағаланбаса, бұл салада кім жұмыс істейді? Бұл менің аймақтарға барғанда естіген жан айқай, арқалап келген аманат. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды.  Архивтер – өткеннің үнін сақтап, болашаққа жол сілтейді. Әрбір құжат – тарихтың тынысы, әрбір парақ – уақыттың куәсі. Архивсіз мемлекет бейнесі көмескі, ал болашағы белгісіз. Тарихымызды түгендеп, тамырымызды тану – архивтерден басталады. Ал, оны дамыту – ортақ міндетіміз", -деген ол басқа елдердің тәжірибесін мысалға келтірді.


"Корея архивтерді цифрландыру бойынша көшбасшы. Ұлыбритания архивтері тәуелсіз агенттік ретінде жұмыс істеп, қызмет көрсету сапасын арттырды. Біз де мұндай деңгейге жетуіміз керек", -деді ол.


Депутат келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

1. Архив жүйесін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына интеграциялап, Е-архив платформасының қызмет көрсету сапасын жақсарту.
2. Мәжіліс қарауында жатқан салалық заңға, архивке құжаттарды тапсыруды барлық жұмыс берушілер үшін, нақтырақ айтсақ, тараған, банкрот жағдайындағы барлық жұмыс берушілерге   міндеттеу, бұл еңбек өтілі сияқты мәліметтерді сақтауды қамтамасыз етеді.
3. Архив жүйесін дербес агенттік ретінде құру, оның мәртебесін арттырып, саладағы немқұрайлықты жою.
4. Еліміздің басты мұрағаты саналатын «Ұлттық архив» республикалық мекемесіне «ұлттық» деген ерекше статус беру.
5.    Архив қызметкерлерінің жалақысын көтеріп, салаға кәсіби мамандар    тарту.


Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған сауалында депутат архивтердің шаң баспай, цифрлы, қолжетімді, заман талабына сай болуын қамтамасыз етуге тиіс екенімізді еске салды. Оның сөзінше бұл халықтың ғана емес, ұрпақ алдындағы аманат.

Үкімет басшысынан ол осы ұсыныстарды қарастырып, нақты шаралар қабылдауын сұрады.