Сурет ашық дереккөзден алынды
Мәдениет және ақпарат министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтадағы жағдайға байланысты уақытылы және ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
"Шұғыл құтқару жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік органдар қабылдаған барлық шаралар туралы ақпарат халық назарына бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дер кезінде жеткізіліп жатыр.
Сонымен қатар жақын арада Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында уәкілетті мемлекеттік органдар мен тиісті қызметкерлердің қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтетінін хабарлаймыз.
Сондай-ақ министрлік уәкілетті орган ретінде Ұлттық аза тұту күнінде мемлекеттік органдардың интернет-ресурстары мен БАҚ-қа олардың қызметі және веб-сайттарын безендіру ережелері туралы Ұсыным жолдады" - делінген хабарламада.
Осыған байланысты министрлік БАҚ басшыларын, телерадио хабарларын тарату операторларын, мемлекеттік органдар мен ұйымдарды Ұлттық аза тұту күні аталған Ұсынымдарды ұстануға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулерді сақтауға шақырады.
"Сондай-ақ ақпаратты дайындаған кезде жауапкершілікке тартылмау үшін сенімді дереккөздерге сенуге және жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырамыз" - дейді ведомствоның баспасөз қызметі.