Фото: informburo.kz
Бас прокуратура полиция ғимараттары мен ҚАЖК мекемелеріндегі тексерулер туралы айтты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Азаптаудың алдын алу бойынша маңызды қадамдардың бірі - полицияның пенитенциарлық мекемелері мен қызметтік үй-жайларында үздіксіз бейнебақылауды енгізу.
Бас прокуратура полиция ғимараттары мен ҚАЖК мекемелеріндегі тексеру кезінде бейнекамералармен қамтылмаған 5812 учаске мен үй-жайлар және 900 жұмыс істемей тұрған камера анықтады.
Прокуратураның ұсынысы бойынша "Көрінбейтін аймақтарды" болдырмау үшін 3783 қосымша бейнекамера орнатылды. Ғимараттарды толық жарақтандыруды жыл аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, аумақтық полиция департаменттерінің, ҚАЖК және ІІМ орталық аппаратының 19 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
"Осы және басқа да полиция қызметкерлері арасында азаптаудың алдын алудың мәселелері Бас Прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың қатысуымен Ішкі істер министрлігінде өткен ведомствоаралық кеңесте талқыланды.
Ол қазіргі уақытта 88 азаматқа қатысты тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданғаны үшін күштік органдарының 39 қызметкері қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын атап өтті.
Министрлік басшылығына психологиялық тестілеу өткізу арқылы азаптауды қолдануға бейім қызметкерлерді алдын ала анықтау ұсынылды" - делінген Бас прокуратура хабарламасында.