06 мау, 2020 сағат 00:41

Күшікті қызық көріп өртедік – Алакөлде ұсталған оқушылар

Алматы облысында күшіктерді өртеді деген күдікпен ұсталған екі оқушы мұндай жауыздыққа не себепті барғандарын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«2020 жылдың 26 мамырында Алматы облысы Алакөл ауданы Қабанбай ауылының жанында Дәурен екеуіміз итті қызық көріп өртедік. Сол қылығымыз үшін кешірім сұраймыз», - деді Дидар Шалқарұлы есімді 10-сынып оқушысы. 

Ал оның жанында болған Дәурен есімді 9-сынып оқушысы Дидарға көмекші болғаны үшін халықтан кешірім сұрайтынын жеткізді. 

Күшікті өлтірді деген күдікпен ұсталған Дидар Шалқарұлы Талдықорған қаласы, Еңбек ауылындағы мешіттің жанында орналасқан жекеменшік қайырымдылық мекемесінің тәрбиеленушісі екен. Ол осы мекемеде тұрады және орта білім беретін мектептің кешкі ауысымында оқиды. Бірақ, коронавирус індетіне байланысты қазір нысан жабық тұр.

«Дидар Шалқарұлы қайырымдылық мекемесінде тұрады. Ол былтыр қыркүйек айында осында қабылданған болатын. Бұл жерде белгілі уақыттарда әдебиет бағытында оқытамыз, жыр-дастан жаттатамыз. Балалар оңды-солды әрекеттерге кетпес үшін одан бөлек, діни сауаттарын ашамыз. Ал тереңдетіп, бір бағытта діни ұйымға кіргізу мақсатында ешқандай бала дайындамаймыз. Ол бағытта тәлім-тәрбие бермейміз», - дейді «Талдықорған» жеке қайырымдылық мекемесінің ресми өкілі Ерлан Бердібеков. 

Мәлім етілгендей, бұл жерге әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары ғана қабылданады. Қыркүйек айында ашылған мекеменің қазір 20 тәрбиеленушісі бар. Мекеме өкілдері Дидар Шалқарұлының күшікті тірідей өртегенін естіп, жағаларын ұстап отырғандарын айтады. 

Тіршілік иесін айуандықпен өлтірген 15 және 16 жастағы балалардың үстінен қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

Д. Шалқарұлының қасында болған Дәурен есімді бала бір үйдің жалғызы екен.

Естеріңізге сала кетейік, қылмыс Алматы облысы Алакөл ауданының Қабанбай ауылында болды. Екі бала қапқа салынған күшіктің үстіне бензин құйып, тірідей өртеп жіберген. Бұл істерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. 

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде екі жасөспірім ұсталды.