01 қаз, 2020 сағат 13:44

Құс тұмауы: Мемлекет қандай жағдайда шаруалардың шығынын өтеп береді?

ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов мемлекет қандай жағдайда құс тұмауынан қырылған құстар бойынша шаруа иесінің шығынын өтеп беретінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетсек ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихаты барысында комитет басшысынан СҚО Қызылжар ауданы Якорь ауылындағы құс фабрикасында 520 мыңнан астам құстың өлтірілгені туралы ақпараттың мән-жайы сұралған еді. 

«Ол ауылдағы құс фабрикасына барып, жұмыс тобы мән-жайдың бәрін тексерді. Тексеріс кезінде анықталғанындай, ондағы өлген құстардың 256 мыңы ауаның жетпегенінен тұншығып өлген. Ол – құс тұмауынан емес. Жалпы фабрикаларды тексерген кезде бізде құс өндіруші кәсіпорындардың міндеттері – жабық күйдегі мекеме ретінде танылуы керек. Сондықтан ол жерде вакцина қолданылмайды. Әлемдік тәжірибе солай. Егер құс өсіруші компания өз мекемесінде құстың жабайы аңдармен байланысқа түспейтіндей жағдай жасап, ұстап отырса болды. Қазір біз құс тұмауы бойынша екі фабриканы ғана тексеріп жатырмыз», - деді Тұрсын Қабдолданов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша осы екі фабрикада ветеринарлық талаптардың орындалмағаны белгілі болған. 

«Азық-түлік дайындайтын бөлімшелерінің төбесінің бәрі ашық. Оның ішінде жабайы құстар жүр. Бері жағында осы мекемелердегі ветеринарлық маманның тіпті қолында дипломы да жоқ. Сол жерде құс өсіруші болып істеген маман ветеринарлық дәрігер болып кеткен. Маман болмағаннан кейін ол жердегі ветеринарлық талаптардың орындалуы екіұшты мәселе. Сол мекемелерді тексеріп бару үшін оңайлықпен кіре алмайсың. Мораторий барын білесіздер. Құс фабрикаларын жиі тексеруге мүмкіндік тағы жоқ», - деді ол. 

Тұрсын Қабдолданов құс фабрикаларындағы адамдар өлген құстардың бәрін ветеринарлық дәрігерлерге айтпай, көміп тастаса, көмілген малдан сынама алып тексеруге мүмкіндік жоқ екенін айтады. Көмілген құсқа қазып алып, қайта диагноз қою мүмкін емес. 

«Зертханаға әкелінетін құс сынамасының өзінің де талабы бар. Барып тексерген кезде осы құс ұстап отырған 5-6 қорада ауа жетпей құстың тұншығып өлгені туралы мойындалған актілер бар. Соған байланысты біз мемлекеттік мекеме ретінде нағыз әрі нақты өлгені дәлелденген, қолында сараптамасы бар жағдайда ғана Үкіметтің есебінен өлген құстың орташа бағасы төленетінін хабарлаймыз. Ал жеке мекеме ұстап отырған құсын басқа жабайы аңдармен байланысын болдырмауын қамтамасыз етпесе, қорасының ауасының қалыпты жағдайда тұруын қамтымаса, оған Үкімет тарапынан қаржы жұмсалып, шығынын төлеуге құқылы емеспіз. Біздегі заңдылық талаптары осындай», - деді ол.