Фото: unsplash.com
Қазақта бала құрсаққа біткеннен дүниеге келгенге дейін де түрлі жоралғылар жасалып, салт-дәстүрлерге сүйенеді. Ult.kz бала дүниеге келгенге дейін жасалатын «Құрсақ той» немесе «құрсақ шашу» және «жарыс қазан» деп аталатын салтқа тоқталады.
«Құрсақ той» немесе «құрсақ шашу»
«Құрсақ той» немесе «құрсақ шашу» деп аталатын жоралғы қазақтың ұмыт бола бастаған дәстүрлерінің бірі. Ол келіні құрсақ көтергенде енесінің қуанышты хабарды өзгелермен бөлісу үшін, жас ананы құрметтеп, ерекше назарға алу үшін жасалатын шағын той.
Әдетте құрсақ тойға әйел адамдардан тұратын келін мен ененің туған-туыс, жақын-жуық, құрбы-құрдастары жиналады. Олар қонақтыққа құрқол келмей, жас анаға дәмді-тәттілерін ала келеді. Келіннің жерік асын сұрап, қажетін қанағаттандыруға тырысады. Ененің жайған ақ дастарханынан барлығы ауыз тиіп, болашақ анаға тілек-лебіздерін білдіреді, ақыл кеңестерін айтады. Құрсақ тойдан кейін олар келіннің жүктілігі жеңіл өтуін, жеңіл босануын қадағалап, оған жәрдемдесуге, ауыр жұмыс істетпеуге, жанашыр болуға тырысады. Жас ананың жақсы күтінуін ескертіп жүреді.
Бұл дәстүр «қуанышты бөліссең ‒ көбейеді» дегенге сену арқылы шыққан болса керек.
«Жарыс қазан»
Әйел адамның ай-күні толып, толғағы келіп, босанар шағында «жарыс қазан» деген ырым жасалатын болған. Ол жоралғыда сол отбасына жақын әйелдер келіп ет асып, тамақ жасаған. Ол тағам піскенше толғатып жатқан әйел босанып үлгерсін деген ниетте жасалады. «Жарыс қазан» деп аталуы да сол: қазан мен баланың дүниеге келуін жарыстырғандай болады.
Егер әйелдің толғағы созылып кетсе, тамақ пісіруші әйел пышақты қазанға жанады екен. Қазақ нанымында пышақ – өткірлік пен кедергіні «кесіп тастау» символы. Пышақты қайрау арқылы толғақтың тежелуін, босануға кедергі болып тұрған «түйінді» жоюға болады деп сенген.
Бұдан бөлек босанушы әйелдің белін босатады (белбеуін шешеді). Әйелдің түйюлі шашын тарқатады. Үйдегі байланған түйіндерді, түйілген жіптерді, оралған заттарды шешіп тастайды. Барлығы да «бала жолы ашылсын» деген ырымға бағынады. Байланған түйін – кедергінің нышаны, сондықтан оны шешу босанудың жеңіл болуына ықпал етеді деп сенген.
Бала туғаннан кейін де ата-бабадан келе жатқан «шілдехана», «бесік той», «қырқынан шығару», «тұсау кесер», «қалжа малының мойын омыртқасын іліп қою», «бәсіре», «айдар тағу» немесе «тұлым қою» сияқты алуан түрлі ырымдар мен салт-дәстүрлер бар.
