14 жел, 2021 сағат 21:25

Құрмет Талапқазы Шымкенттегі университетте тегін оқитын болды

Фото: Qasqa Jol / Қасқа жол

Биыл жазда құрғақшылық боп, мал қырылған Маңғыстау өңіріне өз еркімен шөп жеткізген, сондай-ақ елден көмек жинауға ат салысқан Құрмет Талапқазы тегін оқу құқығына ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұған дейін қоғам белсенділері ерікті ретінде елге танымал болған азаматтың жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік жасалуын сұрап, әлеуметтік желіде университет ректорларына үндеу жариялаған еді

"Білім және ғылым министрінің жоғары оқу орындары ректорларымен өткізген жиналысында Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басшылығына қала тұрғыны Құрмет Талапқазыға тегін оқу құқығын беру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Бүгін Құрмет Талапқазы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде тегін оқи алады деген шешім қабылданды", - делінген Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің Facebook-тегі парақшасында.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Университетінің Facebook-тегі парақшасынан сілтеме

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиеваның айтуынша, министр Асхат Аймағамбетов Құрмет Талапқазымен телефон арқылы сөйлесіп, оған тілектес екенін жеткізген.

Еске салсақ, Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы еліміздің батысындағы қуаңшылыққа тап болған малды ауылдарға жем-шөп жіберу үшін бүкіл жұмысын тастап, қоғамдық бастамаға мұрындық болған еді.

Кейін оның бастамасына Ауыл шаруашылығы министрлігі құлақ асып, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын көмекке тартқан болатын.