Фото: kontakt-express.ru
Астанада 78 жастағы зейнеткер 6 млн теңгесін шетел азаматына бере салған. Алаяқтық жасады деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды қалалық полиция департаменті.
Полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, зейнеткерге бейтаныс нөмірден белгісіз адам қоңырау шалып, өзін Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Ол зейнеткерді күмәнді қаржылық операциялар анықталғанын айтып, ақшаны "сақтау" үшін беру қажет екеніне сендірген.
Жәбірленуші күдіктінің нұсқауын орындап, 6 млн теңгені курьерге табыстаған. Ал курьер қаражатты белгісіз тұлғаға берген. Біраз уақыттан кейін әйел адам алданғанын түсініп, полицияға жүгінген.
Anti-Fraud жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 33 жастағы шетел азаматын анықтап, ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалар анықталуда", - делінген хабарламада.
Полиция азаматтарды қырағы болуға және ақшалай қаражатты бейтаныс тұлғаларға бермеуге шақырады. Банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан қолма-қол ақшаны курьер арқылы беруді талап етпейді.
