15 шіл, 2021 сағат 11:30

Құрбан айт: Павлодар облысында мал сатудың шектеулі тәртібі енгізілді


Павлодар облысы бас санитар дәрігерінің Құрбан айт кезіндегі карантин шаралары туралы жаңа қаулысы жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қаулы бойынша өңірде меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, сондай-ақ жеке меншік үйлер мен медреселерде адамдар көп жиналатын іс-шараларды өткізуге тыйым салынатын болды. 

«Автокөліктерден және жеке меншік үй иеліктерінен мал сатуға тыйым салынсын», - деп жазылған құжатта. 

Сондай-ақ, құрбанға шалынатын малды сату және сою жұмыстары тек ветеринариялық қызметтің ресми қорытындысын алған арнайы пунктер мен алаңдарда жүргізу қажеттігі көрсеткілген. 

Аталған мал сою пунктерінде күшейтілген ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау жүргізілетіні айтылған.

«Құрбандық шалуды Qurban2021.kz сайтына өтінім бере отырып, онлайн-режимде өткізілсін. Мұқтаж адамдарға құрбандық етін тарату ісін оған тартылған адамдарды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ете отырып, тез бұзылатын өнімдерді тасымалдау және сақтау жөніндегі санитариялық-эпидемиологиялық ережелердің талаптарын сақтау арқылы ұйымдастыру керек», - делінген қаулы мәтінінде. 

Қаулы 16 шілде күні сағат 00:00-ден бастап 23 шілдеге дейін күшінде болады.