13 жел, 2021 сағат 13:53

Күнсұлу Закарияға әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық берілді


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І және ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені мен әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық иегерлерін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«І дәрежелі «Даңқ» ордені біздің мемлекетіміздің арнайы қызметтерін қалыптастыруға үлес қосқан Болат Баекеновке тапсырылады. әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық Күнсұлу Закария мен Амангелді Садановқа беріледі. Күнсұлу Закария QazVac коронавирусына қарсы отандық вакцина жасаған және қазір бірнеше ұқсас препараттарды жасап жатқан ғалымдар тобын басқарады. Амангелді Саданов біздің еліміз үшін жаңа және өзекті бағыт – Биотехнология мен топырақ микробиологиясын зерттейтін ғылыми мектеп құрды», - деді Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар иегерлерін марапаттау рәсімінде. 

Сонымен бірге, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаевқа, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Дәулет Ерғожинға және ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинге берілді. 

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында, осындай салтанатты жиында жоғары дәрежелі мемлекеттік марапат алғаным – мен үлішн үлкен мәртебе. Осындай күрделі кезеңнің қиыншылықтарынан өтіп, еліміз жоғары деңгейге көтерілді. Оның ішінде осы дертке ғана төтеп бермей, өз вакцинамыз QazVac-ты әзірлеп, адамзатты қорғау үшін барлығын салдық. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Қазақстан ғылымының алдына қойған тапсырмаңызды біздің ғалымдарымыз бұлжытпай орындады. Мұндай жоғары дәрежеге тек қана сіздің қолдауыңызбен, Үкіметтің қолдауымен барша көзі ашық көкірегі ояу ғалымдардың қосқан үлесімен жеттік. Құрметті әріптестер, келе жатқан Тәуелсіздік күні тұғырлы болсын!», - деді Күнсұлу Закария.