09 ақп, 2018 сағат 13:39

Күнделікті фестивальдерді "Рухани жаңғыруға" жатқыза салатын әкімдіктер бар - Назарбаев

Кейбір әкімдіктер күнделікті өздерінің жұмыстарын «Рухани жаңғыруға» бұрмалап жатыр.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қалай орындалып жатқанын айтып, бірқатар өңірді сынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Бірқатар өңір «Рухани жаңғыруға» қатысты жұмыстарымен тыңғылықты айналысуда. Халықтың көпшілігі бағдарламаны жақсы қабылдағанын білеміз. Ал кейбір әкімдіктер күнделікті өздерінің жұмыстарын «Рухани жаңғыру» аясында атқарып жатырмыз деп жариялайды. Мысалы, жыл сайынғы мерекелік жарыстарды, фестивальдерді, спорттық шараларды «Рухани жаңғыруға» жатқыза салады», - деп тоқталды Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы бағдарламаға қатысты бұндай мәлімдемелер таза бұрмалау екенін әрі «Рухани жаңғырудың» мәртебесіне нұқсан келтіретінін атап өтті.

«Түкке тұрмайтын нысандарды, баяғы құлап қалған қабірлерді, мазарларды алып келеді де «мынау сакральді орын» деп айтады. Теледидардан көрдім. Ол Оңтүстік Қазақстан облысында ғой деймін. Қаратаудың басында баяғыдан бері ағып жатқан сарқыраманы бірнеше адам барып келіп, түсіріп «Мынау Қазақстанның сакральді участогі» дейді. Біз оларға облыстан бірнәрсе тап деп отырған жоқпыз ғой. Жоқ болса жоқ, бар нәрсені айтып отырмыз. Сондықтан өз мүмкіндіктерін іске асырмай отырған облыстар бар. Мысалы, СҚО, Маңғыстау, Павлодар облыстары. Қоғамдық сананы жаңғырту деген бір жылмен ғана шектелмейтін мәселе. Көп жыл жұмыс істейді. Жаңа тәсілді талап ететін жұмыс. Бір жылда шешіп тастаймыз деп мақсат қойып отырған жоқпыз. Солай ғой?»

Елбасы дегенмен өзінің мүмкіндіктерін іске асырмай отырған облыстар бар екенін қадап айтты. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар облыстарында жұмыстардың белсенді жүргізілуі керектігін тапсырды.