Фото: er10.kz
Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова Facebook-те «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне (ААЖ) қатысты пікір жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның айтуынша, EdTech саласындағы барлық білім беру технологиялары мен жүйелері, соның ішінде «Күнделік» ААЖ, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс істейді. Алайда бұған дейін министрлікке ата-аналар қауымдастығынан «Күнделік» жүйесіндегі жарнамалық контенттің оқушылардың жас ерекшеліктері мен психоэмоционалдық жағдайына сәйкес келмейтіні туралы көптеген шағымдар түскен.
Сонымен қатар «Күнделік» ААЖ тарапынан міндеттемелердің орындалмау фактілері тіркелген, бұл мәселе бірнеше рет жүйе әзірлеушілерімен талқылауға түскен.
«Мен де жеке өзім келіссөздер жүргізіп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру қажеттігіне ерекше назар аудардым», – деп атап өтті вице-министр.
Ол «Күнделік» жүйесіне қатысты министрлік мемлекеттік серверлерде хостинг ұйымдастыру және интернет-ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды жалғастырып жатқанын айтты. Бұл елдің барлық аумағында білім беру қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
Уразова барлық ақпараттық жүйелердегі өзгерістер мен жаңалықтар заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте және білім беру процесіне қатысушылардың мүдделерін ескере отырып жүзеге асырылатынын атап өтті.
Сонымен бірге, ол «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы мектептер EdTech саласындағы білім беру технологиялары мен жүйелерін өз бетінше таңдауға құқылы екенін айтты.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) хабарламасына байланысты, министрлік барлық қажетті міндеттемелерді уақтылы орындап, толық көлемде түсіндірді. Қазіргі уақытта жағдай реттелді. Министрлік өз тарапынан оқушылар, педагогтар және ата-аналар мүддесі үшін білім беру ұйымдарын сапалы әрі қауіпсіз цифрлық құралдармен қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырады», – деп қорытындылады вице-министр.