25 ақп, 2016 сағат 19:52

Құлбек Ергөбек: Халық неғұрлым қараңғы болса, билiкке соғұрлым тиiмдi

Белгілі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбектің «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында ұлттық рух турасында айтқан ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

***

Рухсыздық — жеке адам үшiн де өте бiр қасиетсiздiк, ол қауiптi нәрсе. Ұлттық рухты қалай көтеруге болады дегенде, ұлттық рухты көтеретiн бiрнеше компоненттер болғаны абзал. Жастарымыздың бойында Отанды сүю, Отанға құштарлық сезiмдерiн оятуымыз керек. Бұл үшiн бәлкiм идеология керек шығар. «Отаныңды сүй» деп қазiр ата-ана балаға да айтпайтын болды ғой. «Отаныңды сүй, сенде жалғыз Отан бар» деп билiктегiлер де көп айта бермейдi. Өздерi бiледi деп ойлайтын болуы керек. Бiлгенi өз алдына. Отанды сүюшi сезiмiн бiз бесiктен бастап үйретуiмiз керек балаға, онсыз болмайды.

Ұлттық рухты көтерудiң тағы бiр жолы бар. Мұхтар Шаханов қазақтың тiлiн ұлт проблемасы ретiнде, мемлекеттiк тiл проблемасы ретiнде қатты көтерiп жүр. Осы дұрыс. Неге десеңiз, тiлiмiзден айырылсақ, орысша болмаса ағылшынша жақсы бiлетiн, бiрақ ана тiлiн бiлмейтiндердiң ұлтқа деген жанашырлығы болмайды. Отаншылдық сезiмi де құлдырап кетедi. Мұхаң «компьютерленген бас» дейдi, басқа дейдi, бәлкiм ол поэтикалық образ ретiнде өзiн ақтайтын шығар, ұлттың тiлiн бiлу, ұлттың дәстүрiн сыйлау, ол ұлттық шектелушiлiкте қалып қою емес, керiсiнше ұлттың рухани байлығы арқылы ғарыштап самғауда. Әлемнiң iлiм-бiлiмiн игеруде. Бiрақ соның бәрiн ұлтыңның рухын iшкi жан өзегiң етiп, соған әкеп орналастыруға, соған әкеп құюда, табиғи әрлендiрiп кемел тұлға ретiнде қалыптастырып шығаруда. Осыны жасамаған жерде ұлттың тiлiн бiлмесе, ұлттың тарихын сыйламаса, ұлттық өнерлерiмiздi мансұқ етсе, онда ұлттық рухтың да өлгенi. Бiз кейде бүгiнгi күнмен ғана дамылдаймыз. Мысалы, мен оңтүстiкте өмiр сүрiп жатырмын. Оңтүстiкте ана тiлiне қауiп жоқ деп ойлаймын. Бұл — қате. Бiздiң ана тiлiмiзге солтүстiктiң өзiнде болып жатқан қауiптi мен оңтүстiкте отырып қабылдауым керек. Сонау Шығыста болып жатқан Отаныма, туған тiлiме шабуылды, Шығыс Қазақстан жерiне жасалып жатқан шабуылды мен оңтүстiкте отырып жүрегiммен қабылдап соған жаным, жүрегiм ауыруы керек. Өйткенi, бiзде бiр-ақ Отан бар. Ол — Қазақстан. Ол — шүкiр, қазiр тәуелсiз Қазақстан. Үш жүз жыл Ресейдiң боданы болған Қазақстанымызды көзiмiздiң қарашығындай сақтауымыз керек. Ахмет Байтұрсынов айтады, «Бiздiң қазақ бейқам, басына қашан таяқ тигенше ана жақта болып жатыр ғой, маған не қатысы бар деп қарайды» дейдi. Бiз осы немқұрайлылықтан арылтуымыз керек. Қазақты өзiмiздiң жалғыз перзентiмiздей көргенде ғана мұратымызға жетемiз. Ал бар қазақ үшiн шырылдайтын халге жеткенiмiзде ғана ұлттық рухымыз сонша биiк болады. Бiзде бiр Отан, бiр тiл, бiр жер бар екенiн бесiкте жатып сезiнiп, соны сақтауға, қорғауға, дамытуға, өсiруге, мәпелеп баптауға деген құлшыныс болуы керек. Сол уақытта бiздiң мемлекет кемелденедi. Жалпы бiзге бiр нәрсенi ойлау керек. Бiз, рас азаматтық қоғамды орнатып жатқан зайырлы демократиялы елмiз. Шекарамыз ашық, ешкiмнiң кеудесiнен итерiп жатқан жоқпыз. Халықаралық деңгейде интеграцияға мейлiнше түсiп жатырмыз. Оның бәрi дұрыс, бiрақ мемлекетте ұлттық сапа болмай, мемлекетте ұлттық сипат болмай, бiздiң демократиямыздан да, бiздiң азаматтық қоғамымыздан да ештеңе шықпауы мүмкiн. Бiз таза ұлттық мемлекет емеспiз қазiр. Бәлкiм, шектелiп қалушылыққа да апармауымыз керек шығар. Ұлттық томаға-тұйықтыққа түскен мемлекеттiң оңғанын көрген жоқпыз. Соған қарамастан, әрбiр дамушы елдiң өзегi — ұлттық сипаты. Ұлттық рух, ұлттық ерекшелiктерi, ұлттық құндылықтары болуы керек. Оны сақтамаған мемлекет жойылып кетуi мүмкiн.

Сосын бiзде бiр әңгiме көп айтылады. Ол жанға батады. «Бiз көпұлтты мемлекетпiз» дейдi. Ол дұрыс емес. Бiз бiр ұлтты мемлекетпiз. Қазақ ұлтының сыртта мемлекетi жоқ. Бiзде тек көршi мемлекет өкiлдерi тұрады деуiмiз керек. Ассамблея не үшiн құрылды? Сол өкiлдердiң құқы аяқ асты болмасын деп құрылды. Елбасы тарапынан оңтайлы табылған, бiздегi аз ұлт өкiлдерiнiң құқын қорғауға берiлген мүмкiндiк.

***

Қазақ — талантты халық. Қазақ — мың өлiп, мың тiрiлген халық. Егер де өзге ұлт болса баяғыда жойылып кетуi мүмкiн едi. Қазақтың басынан кешпегенi жоқ. Әрiде Түрiк қағанатынан берi қарай алсақ жеңiп тұрып, жеңiлiске ұшыраған, бiрiгiп тұрып ыдырай жөнелген. Ынтымақтасқан сәттерi аз, трагедиялық хал кешкен. Өзара ынтымақтаспағасын өзге елдiң боданына айналып кете берген. Алтын Орданың екiншi атауы Түрiк Қағанаты деп айтамыз. Осы Алтын Орданың тұсында орыс князьдiктерi алым-салық төлеп тұрды. Өзара ынтымақ болмаған соң, ақыр соңында бiр-бiрiмен бiрiгiп, ұлы мемлекетке айналып кеттi де, бiздiң елiмiз олардың боданы болды. Алтын Орданы құраған ел қазiр қайда? Кiшкентай Ноғай ордасы болып жүр. Әр жерлерде, азғантай ғана қалды.

Елдiң елдiгiн сақтайтын — зиялы қауым. Мысалы, XX ғасыр басында Алашорда құрылды. Оның өзiнiң әскерi болды. Мiржақып Дулатов басқарды. Ол большевизммен, Қызыл империямен аяғы жайсыз болады деп, туған күннен бастап күресiп өттi. Ең болмаса Түркiстан автономиясын құрып Моңғолия секiлдi өмiр сүрейiк дедi. Оған да қолы жетпедi. Отыз жетiншi жылы қынадай қырылды. Кеңес үкiметi жауыз саясат жүргiзген. Халық неғұрлым қараңғы болса, билiкке соғұрлым тиiмдi. Қараңғы халықтың қарны тойса болды, қалғып сала бередi, ештеңе талап етпейдi. Ал XX ғасыр басындағы зиялылар өз басын бәйгеге тiгiп жүрiп халықтың мұңын жоқтады, ел үшiн өмiр сүрдi. Зер салып қараңызшы, Ахмет Байтұрсыновта өзiндiк өмiр бар ма? Жоқ. Әлихан Бөкейхановтың өзiндiк өмiрi бар ма? Жоқ. Мағжан Жұмабаевта өзiндiк өмiр бар ма? Жоқ. Алашордадан екi адам ғана кешiрiм сұрап, Кеңес үкiметi кезiнде бiрсыпыра жыл ғұмыр кештi. Олар Мұхтар Әуезов пен экономист Әлiмхан Ермеков болатын. «Алаш тып-типыл болмасын, ең болмаса сендер Алаштың көзi болып қалыңдар, Алаштың рухын кейiнгi ұрпаққа жеткiзiңдер» деп қалдырған оларды. Ал Кеңес үкiметi тұсында бiздiң зиялыларымыздың бойындағы осы азаттыққа ұмтылу сарыны басылып қалды. Былай ҚазКСР он бес республиканың iшiнде терезесi тең, құқы зор мемлекеттiң бiрi болып саналатын. Алайда, кеңестiк Қызыл империя өзiнiң бұрынғы аз ұлттардың жерiн алу, тiлiн алу, құрту, өзiн мәңгүрттендiру, орыстандыру саясатын жалғастырды. Мына жылдардағы қиын нәрсе, ол — бiздiң зиялыларымыздың тұлға болып шыға алмауы. Елдi Скворцов, Беляев басқарды. Солардың тапсырмасын жоғарыдан алып, жүзеге асыру керек. Әуезов пен Кенжебаев елу екiншi жылы жұмыстан шығарылған. Қырық тоғызыншы жылы науқан басталған. Бекмаханов жиырма жылға сотталған. Бұлар кiмдер едi? Бұлар жаңағы өзiмiз айтып отырған зиялыларымыз едi. Ұлттық рухы өшпеген Алаштың көзiн көрген зиялылар едi. Алашорданың өзiн құртқаннан кейiн ендi мынау халықтың санасын оятып жiбере ме, жас ұрпақты Алаш рухында тәрбиелеп қоя ма деген қауiппен, олардың өздерiн де құртуға кiрiсiп едi. Әйтеуiр қазақ халқының бағына шығар, елу үшiншi жылы Сталин қайтыс болды. Одан кейiн Хрущев келдi өкiмет басына, әрине, арада бiрсыпыра процестер жүрген, оны оқысаңыз өз алдына бiр қызық. Ол кiсiнiң өкiмет басына келгенi дұрыс болған. Бұл сталиншiлдiктi, жеке адамның басына табынушылықты әшкерелеу арқылы бiрсыпыра уақыт ұлттың қайта оянуына, ұлттық жаңа идеялардың жандануына, ұлтты оятатын көркем өнер серкелерiнiң еркiн қалам сiлтеуiне, ақындардың дауысының еркiн шығуына мүмкiндiк берiп алды. Бiздiң әлi де бостандық, тәуелсiздiк алуға мүмкiндiгiмiз бар екен дегендей үмiт қайта оянды. Он алтыншы жылғы Қарқара болып жаншылған, он жетiншi жылы Ақпан революциясы кезiнде оянып тұрып, Қазан революциясынан кейiн әбден тұншыққан идея едi бұл. Мiне, сол өлген идея халықтың бойында, қайтадан сәл-пәл оянды. Бiрақ Хрущев өз ойынан айнып қалды. Ол демократиялық қоғам жасағысы келгенiмен, Сталиннiң жеке басын әшкерелеуден ары бармаған. Өйткенi, оның өзi сол қоғамның жемiсi едi. Оның үстiне мен Хрущев туралы естелiктер жинап, оқып шыққан адаммын. Хрущев мұны жүйелi түрде жүргiзiп, саяси концепсия ретiнде қоғамның бойына сiңiре алмады. Саңырауқұлақ секiлдi, болмаса көктемгi жауқазындай оянған ұлттық рух зиялыларды бiр оятып кеткенiмен, тұтас халықты оятуға дәрменi жетпедi. Ол қайтадан көктемгi күнi ерте жер бетiне көктеп шығып, сосын қар жауып кеткесiн үсiк шалатын өрiк ағашы секiлдендi. Әрине, бұл ояну өз жемiсiн бермей тұрмады. Империя деген қанша мықты болғанымен, ол уақытша құбылыс. Өйткенi, империяның уақытша болатыны ол халықтың тiлегiнен тумайды. Ол қоғамдық формация ретiнде жоғарыдан төбесiне кигiзiлген бас киiм секiлдi халықтың өмiр сүруiне, өсуiне, дамуына керi ықпал етедi. Ұлттар теңдiгiне ол қарама-қайшы, тiлегiне мүлде жат нәрсе. Сондықтан о бәрiбiр құлауы мүмкiн. Оны құлатуға ықпал ететiн күш әрбiр ұлттың өзiнiң тәуелсiздiгiне ұмтылуы болып табылады.

Қазақ зиялысы мықты болмай, қазақ халқы мықты болмайды. Мемлекет ретiнде нығаю үшiн өзiнiң ұлттық болмысын сақтау қазақ зиялыларының белсендiлiгi, көзi ашықтығы, ғылыми ойының тереңдiгi, саяси қарқынының мықты болуы әбден керек. Онсыз тiрлiк те мықты болмайды.

Ұлт порталы