24 қаң, 2022 сағат 13:10

«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы: Полиция өкілдері не істеуге құқылы?


Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз елдің бірнеше өңірінде жүріп жатқан «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында полиция өкілдері қандай әрекетке баруға құқылы екенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өңірлерде ішкі істер органдары «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізіп жатқанын еске саламын. Оның негізгі мақсаты – өңірдегі жедел жағдайды сауықтыру, заңдылық пен құқықтық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету», - деді Нұрділдә Ораз.

Аталмыш іс-шара аясында полиция қызметкерлері мынадай әрекеттер орындай алады:

- көлік құралының және жеке басты куәландыратын құжаттарды тексеру, көлікті тінту және азаматтардың заттарын тексеру;

- жалға алынған пәтерлерді, иесіз үйлерді, хостелдерді, саяжайларды, базарларды, техникалық қызмет көрсету станцияларын, шаруа қожалықтарын, шалғайдағы учаскелерді, қыстақтарды және басқа да шалғай жерлерді тексеру;

- атыс, травматикалық және суық қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды тәркілеу;

- тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды, заңсыз көшіп-қонушыларды анықтау;

- бұрын сотталған және ішкі істер органдарында есепте тұрған өзге де адамдарды тексеру.

«ІІМ азаматтарды жедел-профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырады», -деді министрліктің ресми өкілі.