02 қыр, 2020 сағат 15:54

Құқық органдарының қызметкерлері жемқорлық қылмысы үшін қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс – Шпекбаев

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын дәйекті іске асыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты жандандырды. Коронавирус індеті іс жүзінде мемлекеттік басқарудың әртүрлі салаларындағы, атап айтқанда денсаулық сақтау саласынан бастап цифрландыруға дейін созылмалы сыбайлас жемқорлық «індеттерінің» бетін ашты. Сондықтан Мемлекет басшысы биыл 19 тамызда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын одан әрі жаңғырту жөнінде арнайы кеңес өткізді. Оның негізгі тезистері кешегі Жолдаудың жеке блогына кірді», - деді ол. 

Осы ретте агенттік басшысы Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалары үшінші пакетінің аса маңызды бастамаларына қысқаша тоқталды.

«Біріншіден – сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту. Ең алдымен, бұл – құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға қатысты. Менің ойымша, олар заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтай отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатаң жауапкершілікке тартылуы тиіс. Пара берушілер мен делдалдар үшін парақорлық жазасын қатаңдату мәселесі пысықталады. Сотталған жемқорларға қатысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатудың күшін жою ең қуатты профилактикалық әсерге ие болады. Осы тәжірибенің жалғасы ретінде біз аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін бірнеше еселенген айыппұл қолдануды және жемқорларға колония-қоныстарда тағайындалған жазаны қайта қарауды жоюды жақтаймыз», - деді Алик Шпекбаев.

Оның атап өтуінше, екіншіден – 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, депутаттар мен судьялар үшін шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салуды енгізу. Бұл бастама ел мүддесі үшін қызмет ету идеологиясы тұрғысынан ғана емес, жемқорлық капиталын шетелге шығару мүмкіндіктерін жою мақсатында да маңызды.

«Үшіншіден – менің ойымша, «Қоғамдық бақылау туралы» Заңның қабылдануы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлық пен бюрократияға қарсы жүйелі түрде әрекет етуге барынша кең ауқымда тартуға нақты серпін береді. Онда сан қырлы мәселелер бойынша қоғам өкілдерінің мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесудің нақты тетіктері көрініс табатын болады. Антикор әзірлеген Ашық бюджеттердің интерактивті картасы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етудің негізгі құралы болу арқылы алға қадам баспақ. Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың жанында ғана емес, ұлттық компанияларда да жұмыс істейтін қоғамдық кеңестердің рөлі едәуір күшейетін болады. Үздік шетелдік тәжірибелер негізінде сыбайлас жемқорлық фактілері туралы ақпарат берушілерді қорғаудың кешенді жүйесін әзірлеу азаматтық қоғамды жандандырудың маңызды құралы болмақ», - деді агенттік төрағасы.