14 жел, 2023 сағат 13:36

ҚТЖ жүк тасымалында өз экспедиторларына ерекше жағдай жасап отыр - сенатор

Фото: Сайлау Майлыбаев

Сенатор Закиржан Кузиев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының үстінен тексеру жүргізіп, Көлік министрін палата депутаттарының алдына келтіруді сұрап депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Өкінішке қарай, Үкімет пен ҚТЖ басшылығының бүкіл талпынысына қарамастан теміржол холдингін тиімділігі жоғары ете алмадық. Оның үстіне кейінгі жылдары аталған салада бірқатар салмақты проблемалар қордаланып қалды. Бүкіл ел аумағында теміржол желісі жеткілікті деңгейде дамымай жатыр. Негізгі құралдардың тозу көрсеткіші, жолаушы тасымалдау құрамының тапшылығы, сервис сапасыздығы өсіп жатыр. «ҚТЖ» паркінде қазіргі таңда 2228 вагон бар. Оның ішінде 776 вагонның немесе 35 пайызының «жасы» 28 жылдан асып кеткен. Жолаушы вагондарының орташа тозу көрсеткіші – 53 пайыз, жүк вагондарында – 55 пайыз, ал локомотивтерде 67 пайыздан асып кеткен. Бұл проблема Қазақстан арқылы өтетін транзиттің тартымдылығын күрт нашарлатып, көршілес елдерді балама маршурттар іздеуге мәжбүр етіп отыр», - деп бастады ол сауалын.

Айтуынша, қазан айының басында сенаторларға Ұлттық экспедиторлар қауымдастығы шағымданған.

«Олар өз өтінішінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы экспорт пен транзит тасымалының негізгі және қосымша жоспарларын мақұлдаудан бас тартқанын атап көрсетті. Ал «Кедентранссервис» және «KTZ Express» сияқты өз экспедирторларының жоспары кедергісіз іске асып жатыр», - дейді депутат.

Сенатор Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де ҚТЖ-ның «өз» компанияларына бірқатар артықшылықтар беретінін анықтағанын еске салды.

«ҚТЖ қызметінің түрлеріне жасалған талдау нәтижесінде монополияға қарсы орган қызметтің 424 түрінің тек 81-і, яғни 19% ғана келісілгені анықталды. Осылайша, ҚТЖ өз іс-әрекеттерімен экспорт тасымалының ондаған жылдар ішінде жолға қойылған технологиясын бұзып, бәсеке теңсіздігін қалыптастырып отыр.

Оның магистраль желісіндегі қозғалысты жоспарлап, басқарудың тиімсіз екені айтылып жүр. Жыл басынан бері 400-ден астам тасымал құрамы жол орта қалған қалпы, қаңтарылған. Жалпы саладағы автоматтандыру деңгейі төмен. Ал негізі ҚТЖ-ның негізгі табыс көзі жүк тасымалынан түседі – 86 пайыздан астам. Салдарынан теміржолымыз ішкі нарықта да, оның сыртында да бәсекеге қабілетсіз болып отыр», - деді Закиржан Кузиев.

Сенаторлар Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на бірнеше рет депутаттық сауал жолдағанымен, мәселені шешуге ықыласы жоқ салғырт жауаптар келге көрінеді.

«Жүк жөнелтушілер мен бизнес субъектілерінің көптеген шағымдарын ескере отырып, сізден ҚТЖ қызметіне тексеру ұйымдастыруды, сондай-ақ Көлік министрлігінің басшылығын және бұрын жолданған депутаттық сауалдарға ауызша жауап беру үшін ҚТЖ басшылығын Сенатқа жіберуді сұраймыз», - деді депутат Сенат депутаты.