ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Ресей мен Украинаның Қазақстанда келіссөздер өткізуі туралы сөздеріне қосымша пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл сұрақты министрге Женевада өтіп жатқан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің отырысы шеңберінде шетелдік ақпарат агенттігінің тілшісі қойған еді. Оның толық дәйексөзі келесідей: «Әрине, адам шығыны үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Орыстар да, украиндер де біз үшін бауырлас халықтар екені түсінікті, сондықтан біз әрине алаңдаймыз. Өз тарапымыздан араағайындық қызметтерді пайдалану үшін жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз. Мұны екі тарап та қажет деп тапса, біз келіссөздер алаңын ұсынуға әзірміз».
Сонымен қатар, министр бұл мәселе бойынша әлі ешқандай келісім жоқ екенін айтты», - деді Айбек Смадияров.