ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі Германияда қылышпен шабылып өлтірілген 36 жастағы жігіттің өліміне қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірқатар шетелдік БАҚ көздерінен хабарланып отырғандай, Сириядан келген мигрант Штутгарт қаласының шетінде 36 жастағы жігітті қылышпен шауып өлтірген. Қайғылы жағдай сәрсенбі күні сағат 18.00 кезінде тіркелген. БАҚ көздерінің хабарлауынша, жол үстіндегі ұрыста ер адам өзінің танысына тап беріп, қылышпен кескілеп, шауып тастаған. Қылмыскер бірден оқиға орнынан ізін суытыпты. Алайда күдікті – 28 жастағы сириялық мигрант көп ұзамай полицияның қолына түскен.
Сонымен бірге, бірқатар БАҚ-тарда кісі қолынан қайтыс болған жігіттің Қазақстаннан келгені, Германия азаматы болғаны хабарланады.
«Неміс полициясының Майндағы Франкфурт ҚР Бас консулдығына берген ақпаратына сәйкес, қайтыс болған азаматтың Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ», - деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.