Бүгін ГФР-дің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Лютенберг бастаған делегация елордаға келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін Германия Федеративтік Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтіп отырмыз. Вербалдық ноталарды алмасудан басталып, қазіргі таңда көпқырлы және қарқынды қарым-қатынасқа айналды. Жеке өзім осы іс-шараға байланысты Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанда болғаныма өте қуаныштымын. Министрдің орынбасары мырза, жаңа ғана жасалған сындарлы және достық келіссөз үшін рахмет. Мерейтой бізге ынтымақтастық деңгейіне оң баға беруге, сондай-ақ болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді. Германия Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды. Бізге Орталық Азиядағы жаңа мемлекеттердің тәуелсіздігіне белсенді қолдау көрсету маңызды болды», - деді Маттиас Лютенберг БАҚ-тың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 30 жылдың ішінде екі ел арасында сенімді қарым-қатынас орнаған.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, оның ішінде қазіргі уақытта Қазақстанның алдында тұрған күрделі сын-тегеуріндерді және қолға алынған реформалар процесін сүйемелдеуге және қолдауға дайынбыз. Біз демократияның нығаюы мен қоғамның жаңғыруы Қазақстан халқының болашағына оң әсер ететініне сенімдіміз. Германия Қазақстанды өңірдегі және халықаралық форумдардағы маңызды бастамашы ретінде, өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша, сондай-ақ климаттың өзгеруі секілді халықаралық проблемалар бойынша әріптес ретінде бағалайды», - дейді ол.