Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Мир» телеарнасына берген сұхбатында еліміздегі тың игеру науқанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сұхбат барысында телеарна тілшісі қазақстандық тың игерудің наны соғыстан кейінгі Кеңес Одағын аштықтан аман алып қалғанын атап өтті.
«Сіздің отбасыңыз тың игерушілердің осы ерлігіне қалай қатысты?», - деп сұрады журналист.
«Тың игеру – ол адамзат қолымен іске асырылған ең бірегей жобалардың бірі деп пайымдаймын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы тың әрі тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына арнап сөйлеген сөзінде, бұл ХХ ғасырдың орасан зор әлеуметтік-экономикалық жобасы екенін және әлемдік тарихта оған теңдес оқиға болмағанын айтты. Тыңдағы жұмыс бүкілхалықтық іс болды, оны игеруге жаппай үндеу жасалды», - деді Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы мыңдаған жігерлі жастар әрі еріктілер осы үндеуді қолдап, тың игеруге кірісіп кеткенін еске салды.
«Баршасы елді көтеруге өз үлесін қосқысы келді. Менің әкем Қазақстанды астық державасына айналдырған осы тарихи эпопеяны жазған журналист ретінде тың иегру медалімен марапатталды. Осы награданы әкем өте жоғары құрмет көретін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.