24 мау, 2019 сағат 16:36

ҚР Президенті сот жүйесін одан әрі жаңғырту бойынша тапсырмалар жүктеді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысына соттардың қызметін жетілдіруге және судьялардың жұмысына халықтың сенімін арттыруға бағытталған 16 заң жобасы әзірленгені туралы баяндалды.

Сонымен қатар, саланы білікті кадрлармен толықтыру үшін жүргізілген жұмыстар жайы да айтылды. Жоғарғы Сот төрағасының айтуынша, биыл енгізілген жүйе бойынша судьялардың ішінде кездейсоқ мамандар болмайды. Алдағы 2,5 жылдың ішінде сот жүйесі лайық емес кадрлардан толық тазартылады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жақында бекітілген сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл Жоспарында көрсетілген сот төрелігін іске асыру сапасын арттыру және сот жүйесін одан әрі жаңғырту жөніндегі ұсыныстарды жүзеге асыру үшін бірқатар нақты тапсырма берді.