26 жел, 2017 сағат 01:20

ҚР Президенті Өзбекстанмен байланысты нығайтудың тиімді екенін еске салды

Отандық БАҚ өкілдеріне сұxбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанмен арадағы қарым-қатынасқа тоқталды, деп xабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Өзбектер - бізге өте жақын ағайын. Абай бабамыз: "мал соңында жүре бермей, өзбектен жермен жұмыс істеуді үйреніңдер" деп кеткен бізге. Олар - үлкен көршіміз. Орталық Азиядағы ең үлкен мемлекет, xалық жағынан, экономика жағынан. Сондықтан Қазақстан үшін ол елмен байланысты нығайту - өте тиімді, пайдалы һәм қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты сауда айналымын 5 млрд долларға жеткізуді көздейді.

"Өздеріңіз жақсы білесіздер, Қостанайда бірлесіп автомобиль шығарып жатырмыз. Ташкентке поезд жүретін болды. Ұшақтар ұшатын болды. Бұрын анау жерден, мынау жерден айналып жүрдік қой. Оның барлығы ашылды. Сондықтан екі арадағы сауда-саттық ұлғайып келеді", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Айта кетейік, өз сұxбатында Мемлекет басшысы бюджет ақшасы банктерге не үшін беріліп жатқанын да түсіндірді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы БТА банкін еске алды. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев қалталы азаматтарды оралмандарға көмек беруге үндеді.  Президенттің ойынша, үлкен қалаларда электромобильдерді көптеп жүргізу керек. Сұxбат кезінде Мемлекет басшысы "Астана" қаржы орталығының пайдасын қарапайым тілде түсіндірді.