Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Ақорда резиденциясында бірқатар мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Мемлекет басшысына Түркия Республикасының елшісі Уфук Экиджи, Болгария Республикасының елшісі Боян Хаджиев, Сауд Арабиясы Корольдігінің елшісі Абдулазиз Абдулла Әл-Дауд сенім грамоталарын табыс етті.
Мемлекет басшысы шетелдік елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық жұмыстарының ресми басталуымен құттықтап, олардың ізгі миссияларына табыс тіледі.
Салтанатты шара барысында Президент әрбір елшімен жеке-жеке сөйлесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Уфук Экиджимен әңгімелесу барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, екіжақты серіктестіктің одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Президент Түркия басшылығының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы мәртебесін беру жөніндегі бастамасына, сондай-ақ, бауырлас елдің «Астана процесіне» белсенді қатысқаны үшін ризашылық білдірді.
«Осы сәтті пайдалана отырып, әріптесім Президент Ердоғанға жүрекжарды сәлемімді жолдаймын. Біз оның биылғы сәуір айында Қазақстанға жасайтын ресми сапарын асыға күтеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Боян Хаджиевтен сенім грамотасын қабылдау кезінде Болгариямен арадағы ықпалдастықтың достық сипатын атап өтті. Мемлекет басшысы Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының алаңында Президент Румен Радевпен және Болгарияның Вице-президенті Илияна Йотовамен Нұр-Сұлтан қаласында кездескенін айтты.
«Осы көктемде Болгария Президентінің Қазақстанға сапарын асыға күтеміз. Оның сапары табысты болатынына және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Абдулазиз Абдулла Әл-Даудпен әңгімелесу кезінде екіжақты қатынастардың қазіргі деңгейі мен мән-маңызын жоғары бағалап, инвестициялық байланыстардың нығайып келе жатқанын, мұнай-газ, химия, атом және жаңартылған энергия көздерін пайдалану салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін ерекше атап өтті.
«Біз Сауд Арабиясының Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманды Қазақстанға сапар жасайды деп күтеміз. Егер ол сапармен биыл келсе, өте жақсы болар еді», – деді Қазақстан Президенті.