ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Саланы дамыту және ұсынылатын қолдау шаралары туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ТМК кәсіпорындарын мазутпен және дизель отынымен қамтамасыз ету туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, табиғатты қорғау іс-шаралары туралы геология, экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ТМК салалық кәсіпорындарындағы ахуал туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, «ERG» компаниялар тобы және т. б. өкілдері баяндады.
Тау-кен өндірісі саласы — ҚР экономикасының негізгі салаларының бірі, осы жылдың І тоқсанында оң қарқын көрсете отырып, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ды құрады.
Кеңеске қатысушылар ҚҚС қайтаруды жеделдету және шегін ұлғайту, тиімділігі төмен кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық мөлшерлемелерін төмендету, «кедендік аумақта қайта өңдеу» режимі үшін кедендік тексерулерді шектеу жолымен, кедендік бақылау рәсімдерін жеңілдету және т. б. секілді тау-кен секторы кәсіпорындарын мемлекеттік қолдау шараларын қарастырды.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ТМК кәсіпорындарында жұмыс орындарын сақтау және саланы одан әрі дамытуды ынталандыру мақсатында ұсынылған шаралар топтамасын қолдады.