15 жел, 2020 сағат 10:04

ҚР Орталық сайлау комиссиясы есептен шығару куәліктері туралы түсінік берді

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауында дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Күн тәртібіндегі осы тақырып бойынша Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол сайлау заңнамасына сәйкес, сайлаушы өзінің болатын жерін ауыстырған кезде биылғы 26 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 9 қаңтардағы сағат 18:00-ге дейін дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға құқылы екенін хабарлады.

Есептен шығару куәлігін тиісті сайлау комиссиясы өтініш пен жеке куәлікті ұсыну негізінде береді. Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беретін күні сайлаушыны оның болатын жері бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді. Сайлаушының есептен шығару куәлігін алуға берген өтініші сайлаушылар тізіміне қоса беріледі және оны тиісті сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімінен шығару үшін негіз болып саналады. Жоғалып қалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді, сондай-ақ олардың телнұсқалары берілмейді.

ОСК мәліметіне қарағанда, сайлаушы, егер есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде берілген болса, сайлаушылардың тізіміне енгізілмейді. Егер есептен шығару куәлігін басқа сайлау округінің учаскелік сайлау комиссиясы берсе, сайлаушы облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарын сайлау кезінде дауыс беруге арналған бюллетеньдерді алмайды.

Сайлаушы есептен шығару куәліктерінің әр түрлі санын ала алады және ол тұрған жері бойынша сол жердегі сайлау округтерінің шегінде жарамды есептен шығару куәліктерінің санына тең сайлау бюллетеньдерінің санын алады.

Мәселен, сайлаушы облыстың бір ауданының шегінде өзінің болатын орнын ауыстырған кезде, сайлаушы Парламент Мәжілісінің, облыстық мәслихаттың және аудандық мәслихаттың депутаттарын сайлауға қатыса алады және тиісінше болатын жерінде үш есептен шығару куәлігінің орнына – үш сайлау бюллетенін алады.

Сайлаушы өзінің бір облыс (бірақ басқа аудан, қала) шегінде болатын орнын ауыстырған кезде, ол Парламент Мәжілісі мен облыстық мәслихат депутаттарын сайлауға қатысады және тиісінше болатын жерінде екі есептен шығару куәлігінің орнына – екі сайлау бюллетенін алады. Облыстан тыс жерлерде сайлаушы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына қатысады және тиісінше болатын жерінде бір есептен шығару куәлігінің орнына – бір сайлау бюллетенін алады.

Берілген есептен шығару куәліктерін есепке алуды жетілдіру мақсатында бір мезгілде бірнеше сайлау өткізген кезде, Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың әрбір түрі бойынша есептен шығару куәлігінің әртүрлі түсін белгілейді, әрбір есептен шығару куәлігінде сайлау науқанының атауы көрсетіледі.

Бірінші мәселені қарау қорытындысын шығара отырып, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев сайлаушыларды құқықтық белсенділік танытуға, өзінің белсенді сайлау құқығын іске асыру үшін заңдық мәні бар іс-әрекеттерді жүзеге асыруға шақырды.