28 шіл, 2025 сағат 09:55

ҚР Оқу-ағарту министрлігі: оқушылардың оқу және демалыс кезеңдері айқындалды

Фото: ҚР ОАМ

ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2025–2026 оқу жылындағы сабақ басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ каникул уақыттарын жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Министрліктің мәліметінше, келесі оқу жылы 2025 жылғы 2 қыркүйекте басталып, 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады. Ал Білім күніне арналған салтанатты жиынның күні мен уақыты әр мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен анықталады.

Бірінші тоқсанда оқу уақыты 8 апта. Күзгі каникул 2025 жылғы 27 қазанда басталып, 2 қарашаны қоса алғандағы 7 күнге созылады.

Екінші тоқсан 8 оқу аптасынан тұрады. Қысқы каникул 2025 жылғы 29 желтоқсанда басталып, 2026 жылғы 7 қаңтарды қоса алғандағы 10 күнге жалғасады.

Бірінші сынып оқушылары үшін қосымша демалыс 2026 жылғы 9 ақпаннан 15 ақпанды қоса алғандағы 7 күнді құрайды.

Үшінші тоқсан 10 оқу аптасынан тұрады. Көктемгі каникул 2026 жылғы 19 наурызда басталып, 29 наурызды қоса алғандағы 11 күнге созылады.

Төртінші тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасын құрайды, оқу жылы 2026 жылғы 25 мамырда аяқталады.