24 сәуір күні Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Бейжіңде Қытайдың сыртқы істер министрі, Мемлекеттік кеңестің мүшесі Ван Имен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында екі елдің сыртқы істер министрлері Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының ауқымды мәселелерін талқылады. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапарына және Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысуына дайындық мәселесіне аса мән берілді.
Қос тарап екі елдің азаматтарының құқығын қорғау, трансшекаралық өзендерді бірлесе пайдалану сынды мәселелерді қарады. Жуық арада консулдық қызметтер желісі арқылы сыртқы істер министрліктері арасында консультациялар өткізу туралы келісім жасалды.
Қ. Әбдірахманов Қазақстан тарапы «Нұрлы жол» мен «Бір білдеу, бір жол» бағдарламаларын тоғыстыру бағытында белсенді жұмыс жасай беретінін жеткізді. Бұл Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне тасымалданатын контейнердің көлемін арттыруға, елдің көліктік-транзиттік әлеуетін артыруға жол ашпақ.
Екі жақ алдағы уақытта Өндірістік қуатты арттыратын бағдарламаны жіті жүзеге асыру мәселесіне қызығушылық танытты. Қазіргі таңда құны 27 миллиард доллар болатын 51 бірлескен жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, оның 5-еуі іске қосылған (құны 158 миллион доллар). Сондай-ақ, Қытай нарығына қазақстандық ауылшаруашылық өнімдерін жеткізу номенклатурасын кеңейту мәселесі де зор маңызға ие.
Министрлер, сондай-ақ, алдағы уақытта инвестиция, энергетика, қаржы, шекара маңы саудасы, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы қызметінің тиімділігін арттыру сынды мәселелердегі келесі қадамдарды талқылады.