14 мау, 2017 сағат 17:23

ҚР ІІМ радарлардан бас тартады

Қазақстан ескірген «қол» радарларынан біртіндеп бас тартады. Бұл туралы бүгін халықпен есептік кездесу өткізген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл басынан бастап жүргізушілерді негізсіз тоқтатуды жою және жол қозғалысы ережесінің сақталуын бақылау жұмыстарының бағыттылығын қамтамасыз ету үшін полиция автомобильмен шолғындауға көшірілді. Бұған дейін жолдарды шамамен 13 мың полиция шолғындайтын болса, қазір 2,2 мың автошолғыншы қызмет етуде. Олардың жұмыстары жол қозғалысы ережесінің бұзылуының алдын алуға және өрескел бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған», - деді министр.

Сонымен қатар ол барлық шолғыншы автомобильдердің видеотіркегіштермен, ал полиция қызметкерлері виедожетонмен қамтамасыз етілгендігін атап өтті.

«Мұнан бөлек, ағымдағы жылдың басынан бастап ІІМ бірте-бірте ескірген «қол» радарларынан бас тартады. Олардың орнына полицияның қатысуынсыз бұзушылықты анықтайтын автоматты радарлар сатып алынады. Бұған қоса, бұзушылық туралы ақпарат жүргізушіге пошта арқылы келеді. Сонымен қатар қазіргі уақытта бұзушылықтарды тіркейтін стационарлық автоматты жүйеміз жұмыс істеп тұр. Оның тиімділігі айқын», - деді Қасымов.

Министрдің дерегінше, республика жолдарында 1,7 мыңнан астам стационарлық бақылау жүйесі орнатылған. Олар 2016 жылы шамамен 900 мың жол қозғалысы ережесінің бұзылуын тіркеген.

«Осылайша, біз жол қозғалысын «байланыссыз» бақылауға біртіндеп көшеміз», - деді ол.