01 сәу, 2019 сағат 10:37

ҚР ІІМ өңірлердегі су тасқыны жағдайын баяндады

Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ел өңірлеріндегі су тасқынына қатысты жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейбір аймақтарда жаңбыр молынан жауғанымен, су тасқыны бойынша жағдай тұрақты. Дәл қазіргі уақытта тұрғылықты елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Жалпы, талдау жұмыстарына сүйене отырып айтар болсақ, Түркістан, Жамбыл облыстары өткен аптада дайындық күйіне келтіріліп, қосымша бөлімшелер жіберілді. Ақмола, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы топтардың жұмысын күшейту үшін орталық құтқару жасағының қызметкерлері жөнелтілді», - деді Юрий Ильин.

Вице-министр сондай-ақ Ақмола облысының Бурабай ауданында ағынды су бұзып кеткен Кенесары бөгетіне қатысты  айтты.

«Аталмыш гидротехникалық нысанның құжат бойынша сыйымдылық көлемі 500 мың текше метрді құрайды. Аталмыш бөгеттен тасып аққан су Хан өзеніне барып құйған. Яғни, Хан өзені судың басым ауқымын қабылдап, Иванов су қоймасын жарылып кетуден сақтап тұр. Иванов су қоймасының маңында Иваново елді мекені бар. Көкшетау қаласы мен Иваново елді мекенін қазіргі уақытта су басу қаупі жоқ. Демек, өзеннің қалыпқа түскен арнасы аталмыш аумақпен судың ағып кетуіне жағдай жасауда», - деді ол.

Юрий Ильиннің сөзіне сенсек, Солтүстік Қазақстандағы Сілеті су қоймасына ерекше назар аударылып отыр.

«Себебі, демалыс күндері ауа температурасының көтерілуіне байланысты аталмыш су қоймасына су қалыптан тыс көп ағып келуде. СҚО аумағындағы бірқатар тұрғылықты елді мекенде белгілі бір қауіптің шеті бар. Қазіргі уақытта күшейтілген топтар екі елді мекен бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Олар эвакуацияланатын қауіпсіз жерлер белгіленуде», - дейді вице-министр.

ІІМ орынбасары сондай-ақ, Қарағанды облысында қардың жылдам еруінің салдарынан бірқатар автокөлік жолдарын су басқанын хабарлады.

«Дегенмен, тұрғын үйлерді су басқан жоқ. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Нұра өзені бассейні бойынша суды жіберу қуаттылығы секундына 600 текше метрді құрайды. Бұл ретте, бұрын қолға алынған жұмыстарды есепке ала отырып, су деңгейі миллион текше метрге дейін болса да, тұрғылықты елді мекендердің жағдайына қауіп туғызбайтынын айта аламыз», - дейді ол.