ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов «Ежелгі Рим» мейрамханасындағы төбелес туралы ақпараттың кешіктірілуі себебін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл тұрғыда бірінші кезекте материалдарды зерттеу, куәгерлерден жауап алу, көзбе-көз беттестіру, түрлі сараптамаларды тағайындауды ескеру керек. Осы шаралардың барлығы белгілі уақытты талап етеді», - деді Жанат Сүлейменов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде аталған оқиға бойынша мән-жай анықтала бастады.
«Екі жақтың да (төбелеске қатысқан) адамдары анықталды. Күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда», - деді Ж. Сүлейменов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев Қарағандыдағы төбелестің себебін айтты. Айта кетейік, Қарағандыдағы кісі өліміне қатысты 8 күдікті тұтқындалды.