ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қордайдағы жаппай төбелес кезінде зардап шеккендердің барлығына медициналық көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Масанчи ауылында Үкіметтік комиссия жұмыс істеуде. Жедел медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнына шұғыл түрде мамандар тобы және шұғыл медициналық көмек бригадалары жіберілді. 100-ден астам медицина қызметкері мен 36 санитарлық көлік, оның ішінде 2 санитарлық авиация тікұшағы тартылды» деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.
10 ақпандағы мәліметке сәйкес, жаппай жанжал салдарынан 178 адам зардап шекті, 10 адам қаза тапты (8 - оқиға орнында, ауыр жарақат алған 2 адам ауруханада).
Министрлік мәліметіне сай, медициналық көмекке 170 адам жүгінді. Өтініш білдіргендердің: 117-сіне амбулаторлық көмек – (102 - ҚР, 15 Қырғыз Республикасында); 53 адамға стационарлық көмек - (43 – ҚР, 10 – Қырғыз Республикасында) көрсетілді.
10.02.2020 жылғы сағат 12.00-дегі жағдай бойынша стационарлық емделуде 41 науқас: Алматы қаласының стационарларында – 25; Жамбыл облысында – 14; Қырғыз Республикасының стационарларында – 2. Оның ішінде: реанимацияда 9, бейінді бөлімшелерде түрлі жарақат алған 32 пациент бар. 17 науқасқа ота жасалды.
Айта кету керек, бүгін, яғни, 10 ақпанда Қордайдағы аудандық орталық ауруханада 1 пациентті және Қырғыз Республикасынан 2 пациентті Алматы қаласында тасымалдауға дайындық жүргізілуде.
Пациенттерге медициналық көмектің барлық түрі мен көлемі ТМККК шеңберінде тегін көрсетілетінін атап өту қажет.
Қазір науқастар мамандардың бақылауында және қажетті ем алуда.