Бастауыш білімнің 24%-ы және жалпы орта білімнің 18%-ы интернет арқылы берілген, деп хабарлайды finprom.kz порталы.
2020 жылдың төртінші тоқсанында бастауыш білім қызметі 74,8 млрд тг болған, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 36,4%-ға артық. Негізгі және орта білім осы кезеңде 367,6 млрд тг болды, жылына 32,7%-ға артқан.
Білім беру саласының 9,2%-ы бастауыш білімге тиесілі, жалпы орта білім 45,1%-ды құрайды.
Қызметтердің барлығын дерлік, яғни бастауыш білімнің 95,5%-ын және орта білімнің 95,9%-ын мемлекет қаржыландырған.
Интернет желісі арқылы бастауыш білімге 17,6 млрд тг, орта білімге 65,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл жалпы қызметтердің 24% және 18%-ға жуығы.
Интернет арқылы білім беру және қашықтан оқытудың басқа да түрлеріне ауысу көп оқушылардың сабағын жалғастыруға мүмкіндік бергенімен, бірқатар мәселенің бар екені де анықталды.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, қашықтан оқыған балалардың біліміндегі олқылықтар биыл және келесі оқу жылында толықтырылады.
Оның сөзінше, қазір оның орнын қалай толтыру керегі туралы ұсыныстар бар, соған байланысты мұғалімдер оқу жоспарын дайындау кезінде күрделі тақырыптарға көбірек тоқталады.
Бастауыш білім саласындағы қызметтердің жартысынан көбін былтырғы жылдың соңғы тоқсанында орта кәсіпорындар көрсетті (39,6 млрд тг, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 44,9%-ға артық), сондай-ақ, қызметтердің 43%-ы шағын кәсіпорындарға тиесілі.
Негізгі және жалпы орта білім беру саласында орта кәсіпорындар барлық қызметтердің 56%-ын көрсетті (205,9 млрд тг, өсім жылына – 31,9%), шағын кәсіпорындар — 38,1% (140,2 млрд тг, жылдық өсім – 38,4%.)
Өңірлер бойынша тоқталсақ, бастауыш білім беру саласындағы көрсетілетін қызметтердің ең көп көлемі Түркістан облысына тиесілі болды (15,9 млрд тг, өсім жылына 23,2%). Көшбасшы өңірлердің үштігіне сондай-ақ Алматы (10,7 млрд тг) және Жамбыл облысы (9,1 млрд тг) кірді.
Негізгі және жалпы орта білім беру саласында ең көп қызмет Алматы облысында көрсетілді (48,8 млрд тг, өсім жылына 34,7%). Одан кейін Түркістан облысы (39,8 млрд тг) және Алматы (29,6 млрд тг).