25 сәу, 2020 сағат 14:10

ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары тағайындалды

ҚР Білім және ғылым комитеті төрағасының орынбасары болып Болат Нұрланұлы Кеңесов тағайындалды.

Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Болат Нұрланұлы жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Физика-химиялық талдау және зерттеу орталығының директоры қызметін атқарған. Ол Қазақ ұлттық университетінің түлегі, 2007 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған. Wageningen University (Нидерланд), Iowa State University (АҚШ), University of Barcelona (Испания) және Gdansk University of Technology (Польша) сынды шетелдік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өткен. 

Болат Кеңесов – 100-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, оның ішінде беделді халықаралық ғылыми журналдарда 26 мақаласы жарық көрген. Олардың 13-і бірінші квартиль қатарындағы беделді басылымдарда жарияланған. Хирш индексі бойынша көрсеткіштері – 11 (Web of Science) және 13 (Scopus). 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты, ҚР БҒМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің белді мүшесі Болат Нұрланұлының жетекшілігімен 1 кандидаттық және 5 Ph.D диссертациялары қорғалды.