24 ақп, 2020 сағат 14:59

Министрлік қазақстандықтарға 8 елге бармауға кеңес берді

Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус инфекциясы өршіген елдерге бармауға кеңес берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі таңда Қытай Халық Республикасында жағдай тұрақты. Оның себебі өткен аптада күнделікті өсу (коронавирусқа шалдығу жағдайлары) бір күнде 0,51 пайыз болған еді. Одан кейін 1,1 пайыз (...) Мысалы, өткен тәулікте күнделікті өсу 0,28 пайызды көрсетті. Қазір ол ең төмен деңгейде. Оны қуанышты әрі жақсы ақпарат деп айтуға болады», - деді Жандарбек Бекшин бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Десе де, Бас санитарлық дәрігер кейінгі кезде басқа елдерде коронавирус инфекциясының өршуі алаңдатып отырғанын айтады.

«Өсу деңгейі 22 ақпанда 24 пайыз болса, өткен тәулікте 21 пайызды көрсетті. Абсолютті сандарды айтар болсақ, күнделікті өсуі – 314 жағдай болды. Өткен тәулік бойынша 347 жағдай тіркелді. Сондықтан бұл мәселе бізді өте алаңдатады. Себебі осы елдер қолайсыз мемлекеттердің қатарына енуде. Олардың қатарында Оңтүстік Корея – ауыру деңгейі бойынша екінші орында. Бұл ауру Корея Республикасының көбінесе екі провинциясында тіркелуде. Басқа да провинцияларында 18 жағдай болған», - деді ол.

Жандарбек Бекшин Оңтүстік Кореямен Қазақстанның жан-жақты қарым-қатынасы барын жеткізді. Атап айтқанда, қазіргі таңда ол елдің аумағында Қазақстанның 23 мың азаматы жүр. Одан бөлек, заңсыз миграция да бар.

«Бізді алаңдататын тағы бір ел – Италия. Ол елде ресми ақпарат бойынша 144 жағдай (коронавирусты жұқтыру), ал Жапонияда 132 жағдай тіркелді. Теңіздегі круиз лайнерінде де 600-ден астам жағдай тіркелгені айтылған еді. Сол лайнерде 3 жағдай өліммен аяқталды. Бізді алаңдататын елдердің ішінде Сингапур (89), Иран (43), Таиланд (35), Малайзия (22), Вьетнам (16) бар. Мен бұл елдерді неге атап жатырмын? Қазақстан тұрғындарына айтқым келеді: қазіргі таңда осы аталған елдерге қажеті болмаса, барудан бас тарту керек. «Неге?» десеңіз - жағдай күнде-күнде өзгеріп тұр. Бір ғана Оңтүстік Корея елін алып қарасаңыз, екі күннің ішінде бұл ел екінші орынға (вирустың анықталу жағдайы бойынша) шығып кетті. Ертең осы елдерде жағдай қиындауы мүмкін. Осыны есте сақтау керек. Сондықтан Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Сингапур, Иран, Малайзия, Австралия мемлекеттеріне саяхатты, басқа да болсын сапарларды жоспарлаудың қажеті жоқ. Себебі Жапониядағы лайнер секілді жағдайға ұшырау қаупі бар», - деді ол.