Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 шілдедегі қаулысымен Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі лауазымына тағайындалды.
Берік Тұрсынбекұлы Бейсенғалиев 1966 жылғы 12 ақпанда Қостанай облысында дүниеге келген. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының докторы.
Еңбек жолын 1990 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқытушы болып бастады.
1996 жылдан 2006 жылға дейін республикамыздың банк жүйесінде түрлі лауазымдарды атқарды.
2006 жылдан 2009 жылға дейін «Аstana Capital Investment Group» ЖШС бас директоры қызметін атқарды.
2009 жылдан 2011 жылға дейін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болды.
2011 жылы «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы болып тағайындалды.
2012 жылдан 2018 жылғы мамырға дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да басқарушы директор – басқарма мүшесі қызметін атқарды.
«Экономика» мамандығы бойынша қауымдастырылған профессор. Еуропалық Жаратылыстану Академиясының корреспондент мүшесі, Эдинбург қаласы, Шотландия. Гарвард бизнес мектебінің (Harvard Business School) Жалпы басқару бағдарламасын (General Management Program) тамамдаған.
«Құрмет» орденімен марапатталған.