Кувейт мемлекетінің Қазақстандағы елшілігі мен Азия мұсылмандары комитетінің еліміздегі өкілдігі «Түркістан-Қожа Ахмет Яссауи» мешітіне 2 мың дана Құран кітабын тарту етті, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Құран әліппесін үйренетін шәкірттер үшін бұл таптырмайтын дүние. Қазақша тәржімасымен баспадан шыққан қасиетті кітап аудан, қала, ауыл мешіттеріне, медресе-колледждерге, ДСАК бөлімдеріне, кітапханаларға таратылды.
Бұл сый ҚМДБ-ның 30 жылдығына арналды. Облыс имамы Мұсабек Ақтамберді Кувейт мемлекетінің төтенше және өкілетті елшісі Тарек Абдулла әл-Фараж мырза мен Азия мұсылмандары Комитетінің өкілдеріне ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Кувейт елшілігі мен Азия мұсылмандары Комитеті тарапынан жылына бірнеше рет қайырымдылық өткізіледі. Сондай-ақ, ілкімді жобалар жүзеге асырылып келеді.
«Құран араб тілінде жазылғандықтан төте жазуды ұстанатын елдердің мұсылмандары намазда тұрғанда егіліп жылайды. Құранның мағынасын түсінетін адамның Алланың ескертулерін оқығанда көзіне жас алмауы мүмкін емес. Елімізде дін атын жамылған ағымдарға ергендер Құранның мағынасын білмегендіктен адасып жүр. Құранның тілін білгенімен, мағынасын түсінбей қиындыққа душар болған», - деді ҚМДБ Түркістан облысы бойынша зекет өкілі Еркін Полатов.
Құранның аудармасын көп оқыған адамдар сүрелерді оңай жаттайтынын айтады, ұстаздар. Әрі сөздік қор жинауға да жол ашады. «Қазақстандағы Азия мұсылмандары комитетінің» демеушілігімен «ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген» және «ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің сараптамасының оң қорытындысы берілген» - 2000 дана «ҚҰРАН КӘРІМ қазақша түсіндірмелі аударма» кітабы министрлік пен Мүфтияттың мақұлдауынан өткен.