20 там, 2020 сағат 18:09

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің туристік әлеуеті зор - Тоқаев

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін жұмыс сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркістанда күллі түркінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысып шықтым. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының тізіміне енген орта ғасырлық сәулет ескерткішінің туристік әлеуеті зор», - деп жазды Президент өзінің Twitter-дегі парақшасында. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы бүгін жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. 

Президент сапарын Сардоба су қоймасындағы апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін Мырзакент ауылында салынып жатқан жаңа ықшамауданның құрылысымен танысудан бастады. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Арыс қаласындағы әскери полигонға барды. 

Кейінірек Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен және Түркістан қаласындағы «Сапар орталығының» жұмысымен танысты.