06 қыр, 2022 сағат 17:07

Қостанайдағы өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары лагерьде демалады


Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары Щучинск қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру лагеріне келе бастады. Қазірдің өзінде 11 оқушы орналасты. Олар лагерьде білім алады және емделеді, - деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

«Балдәуренге» Қостанай облысында үйлері өрттен зардап шеккен отбасылардың балалары аттанды. Лагерьге ата-аналарының келісімімен баспанасы бүлінбеген, бірақ қауіпсіздік мақсатында өрт қаупі бар аймақтардан көшірілген отбасылардың балалары да келе алады.

«Сондай-ақ Алматыдағы бастауыш сынып оқушыларына бағытталған «Бөбек» оқу-сауықтыру орталығы да бастауыш сынып оқушыларын қабылдауға дайын. Балаларға күнделікті мәселелерді шешкенге дейін осында сауықтырудан өтуге және лагерьдегі мектепке баруға ыңғайлы болады. Оларға қолайлы жағдай жасалған», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі Қостанай облысындағы зардап шеккен балаларға көмек көрсету және оңалту мақсатында «Балдәурен» және «Бөбек» республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына жолдамалар ұйымдастырған болатын.