18 қыр, 2025 сағат 16:09

Қостанай облысында жыл басынан бері жол апаттарынан 50 адам қаза тапты

Фото: ашық дереккөз

Қостанай облысында жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай өсіп, оның салдарынан қаза тапқандардың арасында балалар да бар, деп хабарлайды Ult.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Прокуратура дерегінше, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында облыс жолдарында 854 апат тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8%-ға артық (2024 ж. – 679 апат).

Апаттар салдарынан 1234 адам зардап шеккен:

  • 1184 адам жарақат алды;

  • 50 адам көз жұмды.

Қаза тапқандардың ішінде 6 кәмелетке толмаған бала бар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 500%-ға артқан (2024 ж. – 1 бала).

Ең көп апат республикалық және халықаралық маңызы бар трассаларда болған. Атап айтқанда:

  • Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомольское – Қарабұтак (KAZ 19) жолында апаттар 114,3%-ға өскен;

  • Қостанай – Әулиекөл – Сурған (KAZ 23) жолында өсім 61,9%-ды құраған.

Прокуратураның мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жол ережесін өрескел бұзуынан болған. Сонымен бірге апаттардың бір бөлігі жаяу жүргіншілер кінәсінен тіркелген.

Азамат Жақсыбаев, Құқықтық статистика комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің аға прокуроры:

«Жүргізушілердің тәртіпсіздігі мен назарсыздығы салдарынан адамдар қаза тауып, жарақат алып жатыр. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар», – деді.


Оқи отырыңыз: Соңғы апаттардан кейін ІІМ жолдағы тәртіпті күшейтеді.